06.02.2018, 08:59

Павлодарда қоқыстан табылған нәресте ауруханадан шығарылды

Қоқыс жәшігінен табылған нәресте Павлодар облыстық перинаталдық орталығынан сәбилер үйіне ауыстырылды деп жазады ҚазАқпарат.

«Нәрестені Павлодар облыстық сәбилер үйіне ауыстырды. Оның жағдайы жақсы, денсаулығы да жақсарды. Олай болмағанда, біздің орталықта қалушы еді», – деп хабарлады біздің агенттікке Павлодар облыстық перинаталдық орталығының бас дәрігері Айман Оспанова.

Оның айтуынша, нәрестеге заңды есім мен тек беру үдерісі сәбилер үйінде жүргізіледі.

«Оның биологиялық анасының тағдыры бізге беймәлім»,  – деді А.Оспанова.

Еске сала кетейік, Павлодар қаласындағы қоқыс жәшігінен жаңа туған нәресте табылған еді. Облыстың бас дәрігері Ораз Мұқашев қоқыс контейнерінен табылған сәбидің денсаулығы туралы ҚазАқпарат тілшісіне айтып берген болатын.