14.02.2018, 12:22

Атырау әкімі қаладағы сасық иісті жақын уақытта кетіруге уәде берді

Кәріз жүйесін тазалау жобасы аясында Атыраудың сол жағалауындағы құбырлар тазартылатын болады. Бұл туралы қала әкімі Серік Шапкенов жергілікті тұрғындармен кездесуі кезінде мәлімдеді.

10,1 млрд теңгені құрап отқан бұл жоба 2017 жылдың соңында басталған еді. Жоба іске асып, пайдалануға берілгеннен кейін ескі құбырлар алынып тасталады. Қазіргі таңда бұл жұмыстарға қажетті құрал-сайманның барлығы дайын, жұмыс биологиялық әдістер бойынша жүзеге асады.

«2016 жылы өңір басшысы Атыраудың сол жағалауындағы канализациялық құбырларды тазартуды тапсырған болатын. Бұл құбырлар 1978 жылы жасалып, осы уақытқа дейін оған ешқандай жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Қалдық сулар буға айналмастан бұрын тазартудың толық циклінен өтпегендіктен жағымсыз иістер шығып, тұрғындардың наразылығын тудырған еді. Сондай-ақ, қазіргі таңда қаланың оң жағалауын да тазарту үшін қажетті құрал-жабдықтар жасалуда», - деді әкім.

Айта кетейік, қаланың экологиялық жағдайына жергілікті жұрт алаңдаулы. Өйткені ескі құбырлардан жағымсыз иістер шығып, қала тұрғындарын әбігерге салған болатын. Тұрғындардың бұл шағымдарынан кейін облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қала басшыларына проблеманы шешуді тапсырды.