21.02.2018, 18:04

Аяғын жоғалтса да, сенімін жоғалтпаған Серік...

Өмірде бəрі болуы мүмкін. Қиындық та, қуаныш та. Тек өмір үшін күресті тоқтатпау керек. Біздің арамызда осындай мықты адамдар бар. Мысалы, Серік Есматов. Ол Қазақстанның «100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы. Жасы 19-да. Бала күнінен бірнеше спорт түрімен айналысыпты. Əсіресе, жүзуге қатты қызығыпты. Бірақ, 13 жасында оқыс оқиғадан тағдыры күрт өзгеріп, екі аяғынан айырылады…

Серік үмітін үзбей, қиындыққа қарсы тұрды. Орта мектепте білім алды.  Қазақтың Спорт жəне туризм академиясына оқуға түседі. 2013 жылы Малайзияда өткен Паралимпиада ойындарында волейболдан қола медаль иегері. 2017 жылғы қысқы Универсиадада үздік ерікті. Екі марафонға (42 шақырым 195 метр) қатысып, үздік өнер көрсеткен. Сонымен қатар, волейбол, үлкен теннис, ауыр атлетика жəне жүзумен айналысады.

- Өзіңді өзгелерден шектете беруге болмайды. Себебі, адамның өз өмірі өз қолында. Ешқашан проблемаға беріле берген дұрыс емес. Әрқашан тығырықтан шығатын жол іздеу керек, - дейді қайсар жігіт.

Ол күш-қуатты ата-анасы мен бауырларынан алады. Оның арманы – биікті бағындыру. Қазақстанның «100 жаңа есіміне» іріктеу жарияланғанда ел іші шу боп кетті. Кейбір адамдар əлеуметтік желіде өзіне дауыс беруін өтініп жатты. Ал Серік өзінің «100 есімге» кіргенін кейін біліпті. «Енді мен елімнің айтулы тұлғасымын. Осы құрметке сай еңбек етуім керек. Өмірде қуаныш, қайғы деген болады. Ең бастысы, өзіңе деген құрметің төмендемесін», – дейді Серік.

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА