$ 494.87  520.65  4.91

Арбаға таңылған қызды алып қашқан жігіт бүгінде ұл сүйіп отырғанын айтып мақтанды (ФОТО)

Ақтөбелік Әлия Сағындықованың өмірі адам айтса сенгісіз, ғажайып оқиғаларға толы. Ол болашақ жарымен әуелі хат жазысып танысып, бір жылдай уақыт аралығында кездесіп жүрген. Сөйте тұра, кейіпкерімізді сүйгені алып қашып кеткенінің өзі бір қызық. Жас жұбайлардың отбасылық хикаясы һәм балалы болуы да шытырман романға бергісіз… Достарының денін әлеуметтік желі арқылы тапқан оны, өзінің айтуынша, сал ауруына шалдыққанын есептемегенде, бақытты адамдардың қатарына қосуға әбден болады.

Кішкентайынан мүгедектік арбамен қозғалатын Әлия жұрт қатарлы орта білімді мектепте игеріп, артынша бірқатар тағдырластары сынды оқуын жалғастыра алмаған. Бұған мүмкіндігі шектеулі жандарға ол жағынан қамқорлықтың аздығы, сондай-ақ, отбасының әлеуметтік жағдайы әсер етіпті. Бірақ оның өмірі 22 жасында, яғни 2013 жылы күрт өзгереді. Сол жылдары хат-хабар алмасуға ыңғайлы жаһандық желі — майл-агент Әлияның қоңыр тіршілігінде шуақты күндерінің орнауына үлкен дәнекер болды.

«Бірде ғаламторда отырсам, бейтаныс жігіт хат жазды. Оның да сол мезетте «іші пысып» отырса керек, әңгімеміз бірден жарасып кетті. Есімінің Руслан екенін, өзінің 1987 жылы туғанын айтқан ол іле-шала телефон нөмірімді сұрады. Не деп жауап қайтаратынымды білмей, алғашында үнсіз қалғаным рас. Келесіде сол әңгіме қайта басталғанда, «Әуелі суреттерімді көрсеңші…» дедім. Интернеттегі парақшама арбамен отырған суреттерімді де жүктегенмін. Ол бәрін содан кейін ғана ұқты. Десе де, теріс айналған жоқ. Бұл жағдай біздің дос болуымызға кедергі емес екенін айтты», — деген Әлия арада үш ай өткен соң онымен алғаш рет бетпе-бет кездескенін, сөйтіп, мұндай қауышулардың бірте-бірте жиілегенін айтты. Әдемі түсіністіктен бастау алған достық көп ұзамай махаббатқа ұласады…
…Сөз жоқ, қыздың әке-шешесі, бауырлары олардың қосылуына үзілді-кесілді қарсы болады. «Бұл некенің болашағы бұлыңғыр, асықпа…» дейді. Ал он екі мүшесі сау, тек қолдың қысқалығынан орта біліммен шектелуге мәжбүр болған ырғыздық жігіттің ата-анасы аталған мәселеде екі жастың жүрек қалауына ерік беріп, олардың кез келген қадамын құптайтынын ғана жеткізеді. Мұндайда не істеу керек? Бір жылдай қыз бен жігіт боп сырласып жүргендер бұрынғының «әдісіне» көшуге бел буады. Әлия інісінен оны далаға алып шығуын өтініп, Русланға телефон шалады. Руслан оны сол жерде алып қашады. Ерлі-зайыпты атануға асық қос ғашық осылай үлкен өмірге аяқ басады…

«Жастықтың буы ма, әлде махаббаттың әсері ме, алғашында бәрі тамаша болды. Екеуміз жалдамалы пәтерде тұрдық. Ол күн ұзағына жұмыста болады, мен үйде отырамын… Бір күні өзімді жайсыз сезініп, әлдебір ерекше күй кештім. Бұрын-соңды болмаған жағдайды өткеріп жатқанымды, денсаулығымда өзгерістің барын сезіндім. Кейін дәрігерге барып көрінгенімде, өзімнің жүкті екенімді білдім. Шыны керек, алғашқы үш айда өз-өзіме сенбей, мұны алдамшы дүниедей қабылдап жүрдім. Тек құрсағымда жан бары кәдімгідей байқалып, ол ішімде қозғалғанда, аяғымның ауыр екеніне көзім жетті.

Бұл хабарды естіген туған-туыстарымды айтпағанда, дәрігерлердің өзі мүгедек адамның бала тууы екіталай екенін, солай болған күнде де дені сау ұрпақтың өмірге келуі мүмкін емес екенін айтып, мені жасанды түсік жасатуға көндіргісі келді. Жолдасым да екіұдай сезімде болып, менің өміріме қатты алаңдады. Өзім бір сәтке де ойымнан айнымадым. Алла мені әйел заты қылып жаратқан екен, ендеше, ана болуым керек деп шешім қабылдадым», — деген Әлияның «ерекше күйдегі» көп уақыты да тиісінше медициналық мекемелерде өтеді. 2015 жылдың 1 маусымында жас келіншек көптен күткен қуанышқа кенеледі — дәрігерлердің көмегімен тұңғышын босанады.

«…Жасыратын несі бар, екеуміз бас қосқанда, той жасайтын жағдайымыз болмады. Біз де бұған аса назар аудармай, ең бастысы — бірге тіршілік кешкенімізге шүкіршілік еттік.

Сәті түскен болуы керек, 2015 жылдың жазында мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқор боп жүретін еріктілердің өздері хабарласып, «Тойыңызды жасап берсек деп едік…» деген ұсынысын білдірді. Әрине, бұған қуана келістік. Қандай қыз болсын, ақ көйлек киіп, сәнденіп мейрамханаға баруды армандайды ғой… Осындай үлкен жүректі адамдардың барына шүкір»,  – деді ол facebook-парақшасындағы «Жаға ұстатты» тобында.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары