Алматы облысындағы Ескелді ауданына қарасты Сырымбет ауылында оқушы мектептің арығына түсіп қайтыс болған. Баланың мүрдесін мектеп басшысы тауып алған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Сырымбет ауылындағы Ж. Жақыпбаев атындағы орта мектептің директоры Қуат Есдәулетовтың айтуынша, ол мүрдесі арықтан табылған оқушыға жақын туысы болып келеді екен.
«28.02.2018 жылы сағат 17:15 мин кеткенде екі сыныпта оқитын Санжар Есдәулетов сабақтан шығып, үйіне қайтқан. Бірақ сәлден соң анасы баласының үйге келмегенін айтып, мен және тағы бірнеше адам қосылып баланы іздеуге кірістік. Сағат жетілер шамасында баланың денесін жардан тауып алдық», деді мектеп директоры Қ.Есдәулетов.
Оның сөзінше, баланы арықтың суы 100 метрдей жерге ағызып жіберген. Қайғылы оқиға болған күні мектептің ауласындағы кішкентай арықтың ағысы қатты болыпты. Бала мектептің сыртымен емес, қоршаудың ішімен жүріп, үйіне төте жолмен жетпек болған көрінеді. Сол сәтте арықтан секіріп өтпек болғанда аяғы тайып кеткенге ұқсайды. Ал баланың үйі тура мектептің жанында орналасқан екен. Қайтыс болған оқушының әжесі сол күні немересінің сөмкесі ауыр және аяғында резеңке етік болғанын айтады. Бір өкініштісі мектеп ауласындағы арықта ешқандай өткел, кішкентай көпір сияқты дүние қарастырылмаған.