$ 498.34  519.72  4.85

Атыраулық әйел намазхан күйеуінің нашақор, ойынқұмар екенін айтты

Атыраулық әйел бұрынғы күйеуінен қорлық көріп жүргенін айтып, жұрттан көмек сұрады. 30 жастағы Динараның айтуынша, дінмен уланған еркек оның ізіне түсіп, қорқытады екен. Бұл туралы «NewTimes.kz» порталы жазып отыр.

Динара Атыраудағы мектептердің бірін "Алтын белгіге", университетті "Қызыл дипломға" бітірген. Оқуын тәмамдаған соң ол банкке жұмысқа тұрып, сүйіктісін де көп күтпей кездестіріпті. Екеуі отау құрып, үш жылда Динара екі қызды дүниеге әкелген.

Проблеманың бәрі жас келіншектің үйінен бір қалта анаша тауып алуынан басталған. Бұл кезде оның күйеуі енді ғана теріс жолға түсе бастаған көрінеді. Әйелі алдын алу мақсатында енесіне барып, балаға қой деп айтуын сұрапты. Алайда, енесі ұлының әлі жас екенін, уақыт өте есін жиятынын айтып, келініне жекіп татсаған.

«Бірақ, уақыт өте түзелудің орнына керісінше, асқына берді. Ол жұмыс істемейтін. Құмар ойын ойнап, ақшаның бәрін сол жаққа жарата бастады. Үш пәтеріміз бар еді, бәрін ойынға тікті, кейін көлігін ұтылды. Ақша қалмаған соң менің айлығыма қол сала бастады. Бермесем сөмкемнен ұрлайтынды шығарды. Мұнан кейін үйге ақша әкелмейтін болдым. Ол болса менің алтындарымды сата бастады. Ауру болды бір сөзбен айтқанда. Оны ешкім тоқтата алған жоқ», — дейді Динара.

Ерлі-зайыптылар осылайша 5 жыл бірге өмір сүрген. Неке сақинасын алып құмар ойынға тігіп жібергенде Динараның шыдамы таусылып, ол ажырасуға бел буыпты.

«Ең қорқыныштысы, оның 10 миллион теңгені ұтылып келген кезі еді. Түрі күлдей көк, шегіп алған. Жаныма келіп жатты. Менде тек қана қорқыныш болды, қазір бәрімізді өлтіріп тастайды ма деп ойладым...», — деді зар жылаған әйел.

Мұнан кейін Динара өз ата-анасының үйіне кетіп қалған. Дегенмен, заңды түрде ажыраспапты. Ақылы кіреді деп үміттенген екен. Алайда, ақылы кіргені былай тұрсын, күйеуі оның ізіне түсіп, талай рет күш көрсетіпті. Полиция шақырса, тек әкімшілік жазаға тартылып, айыппұлмен құтылып кетіп отырған.
Қазіргі таңда ерлі-зайыптылардың ажырасқандарына 2,5 жыл өткен. Алайда, осы уақыттан бері нашақор еркек оның ізіне түсіп, қорқынышты түсіне айналыпты.

«Қазір ол сақал қойып, діндар болған. Намаз оқиды. Бірақ, аузына келген балағатты айтып, әйелге қол жүгіртеді. Ол тек дін атын жамылып жүрген адам. Сотта ол екі қызды көрсетпейді деп, менің үстімнен шағым айтты. Сондықтан осындай ашушаң болыпты. Бұл барып тұрған өтірік», — дейді Динара.
Жас келіншек құқық қорғау органдарынан көмек сұрап талай барған екен. Алайда, олардан қорғау болмай отыр деп ашынады.

«Органдардағылардың маған ауыр дене жарақаттары түспесе ешқандай шара қолданбайтындарын айтты. Ал, қазіргі істеп жүргендері үшін жауапқа тартылмайды ма сонда? Сонда мен өзімді қалай қорғауым керек?», — деген әйел көпшіліктен, соның ішінде заңгерлерден көмек сұрады.

Айта кетейік, Динара қазір ұлттық компаниялардың бірінде жауапты қызмет атқарады. Ол ұжымда өзінің беделді екенін айтып отыр. Алайда, күндердің күнінде күйеуі кабинетіне басып кіріп, абыройын айрандай төгеді ме деп қорқады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары