$ 447.4  477.55  4.76

Қоғам белсендісі: «Қылмыстық іс құпия жүрсе білім басқармасы баланың зорланбағанын қайдан біледі?»

ОҚО Сарыағаш ауданы Абай ауылының тұрғыны 7 жасар немересінің бірнеше рет зорланғаны туралы бұған дейін мәлімдеген болатын. Қоғамды дүр сілкіндірген бұл оқиғадан кейін істі ОҚО ІІД-нің басшысы жеке бақылауына алып, жаңадан қылмыстық іс те қозғаған. Алайда, бүгін аудандық білім бөлімінің басшысы мен ҚР Білім және ғылым вице-министрі балаға экспертиза жасалғанын және оның зорланбағанын ресми мәлімдеді. Десе де, Sputnik Казахстан порталына берген сұхбатында зәбір көрген оқушының жақын туысы әрі қоғам белсендісі Дінмұхаммед Артықов кішкентай ғана ауылда нағыз былықтың боп жатқанын айтып берді.

Ер азаматтың пікірінше, кішкентай Нұрсұлтанды жоғары сыныптың оқушылары кемі 10 рет зорлаған. Бұл сорақылық былтыр тамыз айынан бері жалғасып келеді дейді ол.

"Ең алғаш рет бұл 26 тамызда болған. Балалар өзенге шомылуға барған. Үлкен сыныптың оқушылары Нұрсұлтанды тастанды үйлердің біріне апарып, алдымен ұрып-соққан. Кейін екеуі ұстап тұрып, үшіншісі зорлаған. Бала үйіне жылап, дене жарақаттарымен келіпті. Бар жағдайды айтып та берген. Алайда, әжесі оған алғашында сенбеген екен. Кейін немересін ертіп әлгі балалардың үйіне барып, ата-аналарымен сөйлескен. Олар түк болмады деп мойындамапты. Кейін мектеп басшыларына, полицияға арызданған. Бірақ, қос тарап та ешқандай шара қолданбаған", - дейді Артықов.

Ол баланың әжесімен жеке сөйлесіп, істің мән-жайын толық сұрап алғанын айтып отыр.

"Олар алғашында ауруханаға барған. Баланың артынан қан аққан, дәрігер оны жазып алған. Кейін бәрінің көзін жойыпты. Бәлкім 10 рет, бәлкім 15 рет зорлаған. Бұл уақытта бала мектепке барып жүрген", - дейді жәбірленген оқушының туысы.

Оның айтуынша, зорлады деген екі бала туған ағайынды екен. Олардың ата-аналары бұған дейін сотталған және наркологиялық диспансерде тіркеуде тұрған дейді Артықов. Бірақ жуырда балалардың әкесі қайтыс болыпты. Қоғам белсендісінің пікірінше, ол есірткіні шамадан тыс пайдаланып өлген болуы мүмкін.

Ал, мәселені ушықтырмау үшін күдікті балалар оқыған №74 мектептің директоры істі жылы жауып тастамақшы дейді ол.

"Директордың туған қайнісі Ішкі істер департаментінде Кримниалды полиция басқармасын басқарады. Ал, қайынатасы болса Сарыағаш аудандық білім бөлімін басқарған. Қазір кәсіподақ ұйымының басшысы. Бәрі бір-бірімен байланыста", - дейжі Абай ауылының тұрғыны Д.Артықов.

Ол сондай-ақ, балаға жасалған сараптаманың қорытындысына да сенбейтінін айтып отыр.

"Білім және ғылым министрлігі сот-медициналық сараптаманың шығарған қорытындысын қайдан біледі? Бұл іске қатысты деректерге ешкімнің қолжетімділігі жоқ. Тергеуші қылмыстық істің мәліметтерін жариялай алмайды. Қылмыстық істі алдымен 107-баппен қозғап, кейін 122-бапқа өзгертті. Білім басқармасы бұл іс біткенше құпия материалдарды алуға және оны жариялауға құқығы жоқ еді. Енді қазір істі жылы жауып тастау үшін барлық тараптан қысым көрсетіліп жатыр", - дейді баланың туысы.

Кішкентай Нұрсұлтанның анасы мен әжесі 2 мыңыншы жылдардың басында Өзбекстаннан көшіп келген екен. Баланың өзі Қазақстанда дүниеге келген. Әкесі жоқ. Анасы ақша табу үшін Алматыға жұмыс істеуге кеткен. Сол жақтан тапқан-таянғанын салып жіберіп отырады екен. Ал, көршілері болса қазір Нұрсұлтан мен оның әжесін ауылдан қуып жібергісі бар.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары