$ 494.87  520.65  4.91

Сау болса да, жындыханаға қамалып, қиындық көрген Маржан Тұрлыбайдың қазіргі жағдай қалай? (ФОТО)

Небәрі 18 жасында Түркістандағы психоневрологиялық мекемесіне өмір бойына тоғытылып, кейіннен отандық БАҚ пен бірқатар қоғам белсенділерінің араласуымен қайта сараптама тағайындалған соң ақыл-есі сау болып бостандыққа шыққан Маржан Тұрлыбаева қазір қайда жүр?

Ақыл-есі кемдерге арналған орында ем қабылдаған оның бүгінгі өмірінде не өзгерді?

«Жағдайым жақсы. Қазір Гүлжан әпкемнің (автор: журналист Гүлжан Байназарова) туысының үйінде тұрып жатырмын. Түркістандағы мекемеден шыққан соң Шымкенттегі мектептердің бірінде оқып, қолыма аттестат алдым. Өткен жылдың күзінде Алматыдағы орта арнаулы оқу орындарының біріне оқуға түстім. Қазір студентпін» деп әңгімесін бастаған Маржан Тұрлыбаева тек білім алып қана қоймай, қосымша табыс ретінде Алматыдағы кеңселердің бірінде кассир болып жұмыс істегенін алға тартты. Бірнеше ай нәпақа тапқан ол оқуыма кедергі келмесін деп қазір тек білімін шыңдап отырғанын жеткізді. Қазіргі таңда оқу орнынан алатын шәкіртақысы барлық шығынын жауып отыр екен.

Сұхбат барысында бойжеткен өзін өмір бойына жындыханаға тоғытқандардың бүгінгі тағдыры, алған жазалары туралы бейхабар екенін айтты.

Маржан Тұрлыбаеваға қатысты даулы іс ел арасында көтерілген соң белгісіз ер азамат өзін бойжеткеннің әкесімін деп тілшілерге сұхбат берген еді. Биологиялық әкесі болып танылған ол азаматпен бүгінде Маржанның еш байланысы жоқ.

«Ол кісіні бір рет қана көрдім. Содан бері байланыс үзілді. Бір жарым жыл өтіп жатыр ғой одан бері, содан-ақ шешім шығаруға болады ғой. Мен араласуға дайынмын, тек ол кісі қайта хабарласпады. Ол кісінің де жағдайын түсінуге тырысамын»,-деді бойжеткен.

Атап өтерлігі, Маржан Тұрлыбаева Түркістандағы мекемеден шыққан соң өзін қамқорлыққа алған шымкенттік дәстүрлі әнші екеуінің араларында келіспеушілік туған болатын. Кейінірек бойжеткен әншінің үйінен кеткені белгілі болды. Арада көп уақыт өтпей Маржан Тұрлыбаева өзін қамқорлыққа алған адам қарызға қомақты ақша алып, әлі қайтара алмадым деп сұхбат та берген еді. Бүгінде ол өнер иесі бойжеткенге қарызға деп алған ақшасының бір бөлігін қайтарыпты. Қалған белгілі бір бөлігін «үйімде тұрғаның, өзге де шығындарың үшін» деп қайтармаған ұқсайды.

«Өмірімде бірталай адамдарды көрдім. Болған нәрсе болды. Барлығы Алланың қалауымен ғой. Ешкімді жазғырғым да келмейді...» деген Маржаннан соңғы кездегі желі парақшасында жазылған жазбалары туралы сұрадық.

"Ол жазбалардың көңіл күйіме еш қатысы жоқ. Менде бәрі жақсы, керемет» деп қысқа ғана қайырды.

Айта кетейік, Маржан желі парақшасына жүктеген суретінің астына жазған жазбасында өзінің соңғы кезде көңіл күйі жоқтығын айтқан болатын.

"Алдағы жоспарың мен арманың не?» деген сауалға кішкене кідіріп барып жауап берген ол өз сөзін «Адамда арман деген бітпейді ғой» деп бастады.

«Арманым дейсіз бе? Адамда арман деген бітпейді ғой. Өзімнің армандаған оқу орныма түскім келеді. Бала күнімнен бері актриса, тележурналист болуды армандап өстім. Құдай қаласа, енді Т.Жүргенов атындағы өнер академиясына құжаттарымды тапсырып, бағымды сынап көргім келеді. Әрине, барлығы бағыма орай болады ғой. Жақында отандық арналардың біріндегі бағдарламаның кастингіне қатыстым. Бірінші кезеңінен өттім. Қалғанын енді көре жатармын» деп сөзін жалғады бойжеткен.

Бір өкініштісі, Маржанды әлі күнге дейін «Сен сол Маржан емессің бе?», «Сенің ондай екеніңді білмеппіз» деп өткен өмірін қозғап, сұрақтың астына алып жататындар бар екен. «Ондайларға онша мән бермейтін болғанмын. Қатты сұрақтың астына алып жатса, жеке өмірімде болған нәрсені қозғаудың қажеті жоқ деп әңгімені сол жерде үзуге тырысамын. Өзгелердің өткенімді есіме салғанын қаламаймын» деген Маржан Тұрлыбаева әлі де өткен күннің жарасы бітпегенін жасырмады.

«Жараның орны жазылғанымен, орнында ізі (шрам) қалады дейді ғой. Түбегейлі естен шығаруға әлі де уақыт керек сияқты» деген бойжеткен адам баласына сенуден қалғанын айтты.

«Шыны керек, мен қазір ешбір жанға сенбеймін. Қасымда жүрген құрбыларым болса да ашылып сырымды ақтармаймын. Дистанция сақтауға тырысамын. «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар...» деген бар емес пе? Тек өзіме сенемін.

Алға қойған мақсаттарым мен армандарым бар. Қалаған маман иесі атанып, сол салада жұмыс істегім келеді. Ешкімге тәуелді болғым жоқ. Өзімді-өзім қамтамасыз ететін жағдайға жетсем деп тілеймін. Қазіргі басты мақсатым - аяқтан тұру. Алдағы өмірім жақсы боп кетсе деймін.

Ең бастысы, ел қатарлы өмір сүріп жатырмын, Аллаға шүкір. Қалғаны бір Алланың еншісінде, сосын жақсы болу да, жаман болу да өзімнің қолымда ғой...» деп сөзін түйген Маржан Тұрлыбаева алдағы он жылда тұрмысқа шығу туралы мүлдем ойламайтынын кесіп айтты. Себебі бойжеткеннің мақсаты нық. Ендігі қадам - мақсатына бір табан жақындау...

Естеріңізге сала кетейік, 2015 жылдың жаз айында отандық арналардың біріне сұхбат беріп, өзінің дені сау екенін айтып елден араша сұраған бойжеткен ісі қоғамдық резонанс тудырған болатын. Өмірінің сегіз жыл уақытын арнаулы мекемеде өткізген Маржанға қайта сараптама тағайындалып, оның ақыл-есі сау екені дәлелденді. 2016 жылдың басында бойжеткен психоневрологиялық мекемеден бостандыққа шықты. Бүгінде Маржан Тұрлыбаеваға тағдырына алғаш болып алаңдаушылық танытып, көрермен назарына жанайқайын жеткізген журналист Гүлжан Байназарова қамқорлық танытып келеді.

Дереккөз: NUR.KZ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары