Қарабатандағы "Газ турбиналы электрстансасы" құрылыс алаңындағы болған апат жағдайын түсіндіру жөніндегі комиссия жұмысы жалғасып жатыр деп мәлімдейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.
2018 жылы 2 наурызда "PSI Stroy Industriya" ЖШС жұмысшылары тұратын контейнерлік жатақханада болған қайғылы оқиғаны тексерген арнайы үкіметтік комиссияны ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нұржан Алтаев басқарды. Аталған комиссия құрамында ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар жөніндегі комитет өкілдері, Атырау обылысы әкімдігінің қызметкерлері және "PSI Stroy Industriya" ЖШС-нің жұмысшылары мен жұмыс берушілері де болды.
Тергеудің алдын-ала қорытындылары бойынша алғашқы өрт шыққан аумақ кептіру бөлмесі болуы ықтимал екендігі анықталды. Себебі онда конвекторлы электр жылытқышы орнатылған. Өрттің техникалық себептері электр сымдарының қысқа тұйықталуы салдарынан жақын маңдағы тұрмыстық заттар жануы мүмкін. Алдын-ала тергеудің қорытындысы бойынша, осы топтағы жазатайым оқиғалар ҚР Еңбек кодексінің 186-бабының 2-бөлімінің 2 тармақшасына сәйкес еңбек қатынастарына байланысты болып отыр. Жұмыс беруші әрбір жәбірленушіге және қайтыс болған адамға жазатайым оқиғаға қатысты H1 түрінде акт толтырды.
"PSI Stroy Industriya" ЖШС-нің басшылығы өрттен зардап шеккендер мен қаза болған жұмысшылардың отбасына жан-жақты көмек көрсетті. Компания оқиғадан қаза болған азаматтардың денесін жеке ұшақпен тұрғылықты жеріне жеткізу, жерлеу рәсіміне кеткен шығындарды толық өтеп, марқұмдардың туыстарына депозиттер ашып берді. Қазіргі кезде жұмыс беруші компания материалдық көмекке 50 миллион теңге бөліп, бұл қаражат осы шоттар арқылы берілді.
Компанияның барлық қызметкерлері жұмыстағы жазатайым оқиғалардан сақтандырылған. Осылайша, қайтыс болған адамдардың асырауындағы жандар Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген сақтандыру төлемдерін алатын болады.
Еске сала кетейік, алапат өрт салдарынан Атырау қаласының ауруханасына түрлі дене жарақатын алған 4 жұмысшы жеткізіліп, оқиға орнында 6 адам көз жұмды. Бұдан бөлек тағы бір жұмысшы алған ауыр жарақатынан 3 наурыз күні көз жұмды.
Оқиға орнына келген комиссия мүшелері өрт шыққан жатаханадан бөлек жұмысшылар тұратын тағы 6 жатақхананы тексерді. Нәтижесінде оларда санитарлық және өрт қауіпсіздігі ережелері сақталмағаны анықталды. Үкіметтік комиссия оқиғаның себеп-салдары анықталғанға дейін, жатақхана жұмысын тоқтатуға шешім қабылдады.
Айта кету керек, газ турбиналы электр станса құрылысы 2016 жылдың қазан айында басталған болатын. Бұл құрылыс нысанында 850 адам бар. Олар екі ауысым кестесімен жұмыс істейді. Жұмысшылардың барлығы 7 жатаханамен қамтылған.
Дереккөз: Ult.kz