Қазақстан Азаматтық альянсының бұрынғы президенті, қоғам қайраткері, тележүргізуші Нұрлан Ерімбетов дүниеден озды. Қаралы хабарды оның әріптестері растап отыр.
Ерімбетов ем қабылдау үшін Ұлттық онкология және трансплантология ғылыми орталығына жатқызылған болатын. Медициналық орталықтан мәлім еткендей, ол бүгін түнде бақилық болды.
Ерімбетов Нұрлан Кенжебекұлы 1960 жылы 28 мамырда Қызылорда қаласында туған. Мәскеу мемлекеттік мәдениет институтын бітірген. Әр жылдары Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, «Отан» саяси партиясының хатшысы, «Отан» партиясының төраға міндетін атқарушысының хатшысы, «Арна» АҚ вице-президенті, «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы төрағасының кеңесшісі, «Мәдени фронт» ұйымы басқармасының төрағасы болып еңбек етті. «Астана» телеарнасындағы «Ашық студия» қоғамдық-саяси ток-шоуының авторы және жүргізушісі болды.
2013 жылдың сәуірі мен 2017 жылдың қыркүйегіне дейін - «Қазақстан Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті, 2017 жылдың 31 наурызынан бастап - «Самұрық-Қазына» АҚ омбудсмені болды.
Дереккөз: Қазақпарат