Петропавлда жатақхана өртеніп, 150 адам эвакуацияланды деп мәлімдейді СҚО ТЖД баспасөз қызметі.
СҚО ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, кешкі уақытта жатақхананың 5-қабатындағы бөлме өртенген. Сонымен қатар 4 және 5-қабаттар да түтінге ораныпты. Құтқарушылар жоғарғы қабат тұрғындарын автобаспалдақ арқылы қауіпсіз жерге көшірген. Ал қалған тұрғындарды баспалдақтың көмегімен эвакуациялапты.
Құтқарушылар өртеніп жатқан пәтермен көршілес тұратын 3 тұрғынды құтқарды. Олардың ішінде 4 жасар бала да бар. Мұнан кейін зардап шеккендер қайта іздестіріліп, тағы 2 адам табылды.
Құтқарушыларға өртеніп жатқан пәтердің есігін бұзуға тура келіпті. Бұл уақытта пәтерде газ баллоны жанып жатқан көрінеді. Өрт сөндірушілер дер кезінде өртті сөндіріп, жарылыстың алдын алды.
«Өрттен 5 адам, оның ішінде бір бала құтқарылды. 150 адам, оның ішінде 25 бала қауіпсіз жерге көшірілді. Өрт сөндірушілер газ баллонының жарылуының алдын алды. Өрт салдарынан тұрғындардың жиһаздары, мүлкі мен жеке заттары жанған. Өрт 17 шаршы метр аумақты шарпыған. Қазіргі уақытта өрттің себебі анықталып жатыр», – дейді СҚО ТЖД баспасөз қызметіндегілер.
Дереккөз: Stan.kz