$ 494.87  520.65  4.91

В.Божко: «Тасқыннан құтыламын деп армандамаңдар, тасқын бұрын да болған, болашақта да бола береді»

ҚР Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары, депутат Владимир Божко елімізде жыл сайын болатын су тасқындары жайлы өз пікірімен бөлісті. Айта кетейік, Божко бұл қызметіне дейін еліміздің Төтенше жағдайлар министрлігін, кейін комитетін басқарған болатын.

«Шаралар қолданып жатырмыз. Түсінесіздер ме, Шығыс Қазақстан облысында жауын-шашынның айлық нормасы 500 пайызға артығымен жауған, мұнан кейін әрине тасқын болады. Жерге түскен су дереу буланып ауаға ұшып кетеді деп ойлайсыздар ма? Жоқ, ол су болған соң ағады. Және жыл сайын осылай қайталанады, тасқын болмайды деп үміттенбеңіздер. Айда тұрмайсыздар ғой... Қар да жауады, жаңбыр да жауады, бұл табиғаттың құбылысы. Бірақ, сіздер неге атқарылып жатқан жұмыстарды көрмейсіздер? Қаражат бөлініп жатыр, дамбалар салынып жатыр, жолдар жөнделуде, заманауи техникалар алып жатырмыз. Кеше мотопомпаны ұшақ арқылы тастадық елдімекендерге, өйткені жағдай өте күрделі», - деді Владимир Божко журналистермен болған әңгіме барысында.

«Егер қаржыландыру болмаса құтқару бөлімшелері құрылмас еді. Қазір олар елдің шығысына барып, халыққа көмектесіп жатыр», - деді Божко.

Оның айтуынша, қазір елде инфрақұрылымды дамыту үшін көптеген жұмыстар атқарылып жатқан көрінеді. Олардың қатарында материалды-техникалық базаны және инженерлік қондырғыларды нығайту жұмыстары да бар.

«Мәселен, сіздер өмірлеріңіздің соңына дейін жол ережелерін бұзбаймын деп өзіңізге жауапкершілік ала алмайсыз ғой? Бұл да сол сияқты, табиғатқа ешкім жауап бере алмайды. Сіздер қараңыздар, соңғы екі жылда қаншама бөгетті жөндедік. Қызылағаш оқиғасы бізге үлкен сабақ болды. Қаласаңыздар да, қаламасаңыздар да су тасқыны болған және бола береді. Проблемалар болған, қазір де бар және ол да бола береді. Мәселе біз сол проблемаларды қалай шешіп жатқанымызда», - деді депутат.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары