01.04.2018, 08:00

Астанада аутизмге шалдыққан балаларды қолдауға арналған акция өтті (ФОТО)

Дүниежүзілік аутизм проблемалары туралы ақпаратты тарату күні аясында бүгін Астанада арнайы акция өтті. Шараны ұйымдастырған "Болашақ" қайырымдылық қорының директоры Динара Шайжүнісова осынау проблемаға қоғам назарын қалай аудару керектігін айтып, ата-аналарға ақыл-кеңесімен бөлісті.

Аутизм дертінің проблемалары жайын өзге азаматтарға жеткізу үшін және қоғамнан қолдау табу үшін бүгін Астанадағы "Керуен" ойын-сауық сауда орталығына осынау дертке шалдыққан 50 баланың ата-анасы, психолог-педагогтар, қоғамдық ұйым өкілдері жиналды. Олар жиі кездесетін кедергілер мен оларды шешудің жолдарын талқылап, қала тұрғындарын акциядан шет қалмауға шақырды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, қазіргі таңда әлемде 67 миллион адам аутизммен ауырады екен. Яғни, туылып жатқан әрбір 42-ші ұл балада және әрбір 189-шы қыз балада аутизмнің белгілері бар.

"Біз аталған акцияны әдейі бүкіг ұйымдастырып отырмыз. Өйткені, демалыс күні тұрғындар сауда орталығына көптеп келеді. Осы орайда біз түрлі шығармашылық, ойын-сауықтық және музыкалық бағдарламалар ұйымдастыру арқылы адамдардың назарын аутизмге шалдыққан балаларға аударғымыз келеді: олар да қарапайым балалар, ешкімнен айырмашылығы жоқ, сондықтан бұл балаларды қоғамнан бөліп-жаруға болмайды. Оларға қолдау керек", - деді Шайжүнісова.

Акция барысында сауда орталығының ішіне көк және көгілдір түсті шарлар ілінді. Ал, қолдау үшін келген астаналықтарға дәл осындай түстегі ленталар мен төсбелгілер таратылды. "Болашақ" қорының директоры аутизмнің белгісі ретінде неліктен көк түстің таңдалып алынғанын түсіндіріп берді.

"Жалпы, көк түс бүкіл әлем бойынша аутизмнің түсі болып бекітілген. 2008 жылдан бері 2 сәуір Дүниежүзілік аутизм проблемалары туралы ақпаратты тарату күні болып бекітілген. Жыл сайын дәл осы күні бүкіл әлемде қоғам қайраткерлері, ірі қоғамдық ұйымдар көк түсті киім киіп, ғимараттарды көк түске бояп, халықты аутизм проблемасына бейжай қарамауға шақырады. Өйткені, аутизммен ауыратын жандарға қоғамнан қолдау керек, әлеуметтік көмек керек", - деді Шайжүнісова.

Акция барысында 3 мыңнан астам флаер таратылып, жалпы шараға бірнеше мың астам адам қатысты.

ФОТО: Baq.kz