02.04.2018, 06:03

Жаназа шығарғылары кеп тұратын «табытқағарлар» ма дерсің: Белгілі тележүргізуші мешіттен құран оқитын молда таба алмағанын айтты

Белгілі тележүргізуші Сәуле Әбединова аруақтарға құран бағыштау үшін мешітке барған. Құдай үйінен Құран оқитын бір де бір молда таба алмаған ол 6-дан кейін жабылып қалатын мешіттерді қатаң сынға алды.

«Бейсенбі күні әпкем екеуіміз бақилық болғандарға құран бағыштайық деген ниетпен Алматыдағы Орталық мешітке бардық. Рас, жол-жөнекей ұялы телефонымды жөндету үшін Желтоқсан – Жібек жолындағы шеберге соғып, бір-екі сағат бөгеліп қалдық.

Біз мешітке барғанда сағат кешкі 6-дан өтіп қалыпты. “Құран оқитын бөлме” деген есік тарс жабық. Сыртында “қажет болған жағдайда, мына нөмірге хабарласыңыздар” деп телефон нөмірі жазылған. Хабарластық. Ниетімізді айттық. Ар жақтағы дауыс: “Біз 6-ға дейін істейміз… кезекші имамды іздеп көріңіздер…” дейді…

“Қажет болған жағдайда” хабарластық, пайда болмады. Сонда “қажет болған жағдай” дегенді қалай түсінуге болады? Тек жаназа шығарғылары кеп тұратын “табытқағарлар” ма екен деген ой келеді еріксіз.

Баяғыда, ұмытпасам осыдан екі жыл бұрын түнгі сағат 1-2-нің кезінде інім: “Қатты қысылып тұрмын, маған молда керек, мені мешітке апаршы…” деп.., содан мен оны көлігіме отырғызып алып, бүкіл Алматының мешіттерін шарлағанымыз туралы осы ФБ парақшамда жазған едім… Барлық мешіттің қақпасы “өлмесең, өмірем қап!” дегендей, тарс жабық тұрған. Інім қалшылдап, дірілдеп, қатты қысылған еді…Тіпті, қақпадан сығалаған пенде болмады… Сонда деймін-ау, түнде келсең – тарс жабық, кешке келсең – тарс жабық… Құдайдың үйі күндіз-түні ашық тұруы тиіс емес пе деген қисынды сұрақ туындайды.

Әсіресе, бейсенбі, жұма күндері, тым болмаса, құптан намазына дейін ашық тұрса болмай ма? Осы күндері құран бағыштайтын қазақпыз… Оның үстіне, жұмыс күнін “18.00-ге дейін” деп бекітіп тастайтындай, бұлар мемлекеттік қызметкерлер емес қой. Солай екен, есігінің сыртына телефон нөмірін емес, жұмыс кестесін жазып, іліп қойсын, халық қай уақытта келу керектігін біле жүретін болады… Адам пенде болғандықтан тәулік бойы аллаға тәуелді, құдайдың үйіне тәуелділік сәт сайын туындауы мүмкін… Тіпті, мешіт қызметкерлерінің жұмыс күні аяқталды деп, Әзірейіл де жұмыс уақытын 18.00-ден кейін тоқтата тұрмайды… Діни қызметкерлер өз міндеттерін дұрыс атқаратыны рас болса, тым болмаса, құран оқитын бөлмесінде тәулік бойы істейтін тұрақты бір-екі имамды ұстасын. Олай ете алмайтын болса, несіне Құдайдың үйі болып, несіне “Орталық мешіт” атанып жүр???

Жастар өзге дінге кетіп жатыр деп еще ренжиміз… Өзге дін ғибадатханаларында олардың “молдасы” тек намаз, құран, уағызбен шектеліп қоймайды, адамның ішкі жандүниесін түсінуге тырысып, желеп-жебеуші періштенің қызметін атқармаса да, жан күйзелісін тыңдап, көңілін жұбатып, ақыл-кеңестерін айтады, жол көрсетеді…

Имам ағзам мырзалар, сіздерге де біраз коммуникабельность, креативность керек деп ойламайсыздар ма?», – деп жазды Әбединова желідегі парақшасына.