02.04.2018, 11:57

«Билік проблеманы шешпесе асылып өлеміз»: Сарыағашта ағын судан тарыққан шаруалар шу шығарды

Сарыағаштағы егіс алқаптары түгелдей қурап кетудің алдында деп мәлімдеді TVK телеарнасы. Осылай деп шырылдаған шаруалар еңбегіміз еш кетеме деп уайымдауда. Өйткені Жүзімдік ауылындағы жылғыз Ащысай каналы әлі күнге тазартылмаған. Алайда, ауыл және аудан басшылығы мәселе аса күрделі емес дейді. Айтуларынша, арықты тазартуға қазір облыс атқамінерлері араласып, ірі көлемде қаржы бөліпті. Бірақ, Сарыағашқа судың нақты қашан келетінін оларда білмейтін болып шықты.

4 мыңнан астам халқы бар Жүзімдік ауылының негізгі табыс көзі егіншілікте. Енді ағын су дер кезінде жеткізілмесе, шаруалар жыл сайынғы нәпақасынан да қағылуы мүмкін. Мәселен, шаруа Өтеген Тұрғынов егін егуді ерте көктемде бастапты. Дала жұмыстарына өз қаржысы жетпегендіктен, несие алып қызылша мен картоп отырғызған. Бірақ, мына құрғақшылықтан қарызға белшесінен батып, амалы құрып отыр. Бала-шағасымен пәтер жалдап тұратын ол мемлекеттен алған ақшасын қалай қайтарарын білмей дал болуда.

«Су келмесе не істеймін, жұрттар секілді асылып өліп қала саламыз. Соған келіп тіреліп тұр ғой. Мемлекетке қарызбын. Қолдан өзге түк келмей тұр», - дейді Жүзімдік ауылының тұрғыны Өтеген Тұрғынов.

500 гектар жерге су жеткізуі тиіс арықтың сиқы мынау: тіршілік нәрін асыға күткен диқандарды бос үміттендіріп, шаңы бұрқырап пайдасыз жатыр. Арықтың адам шошырлық жағдайынан ауыл әкімі де хабардар. Бірақ, Оразалы Смаилов қолынан ештеңе келмейтінін ашып айтты. Өйткені, каналды тазартуға қаржы облыстан қаралған. Бірақ, ақша қаралған күннің өзінде арық мәселесін түбегейлі шешу мүмкін емес көрінеді.

«Бұл бір жылдық мәселе, биыл қазсақ келер жылы тағы толып қалады. Сөйтіп, мемлекеттен бөлінген ақша талан-тараж болады», - дейді Жүзімдік ауыл округінің әкімі Оразалы Смаилов.

Жүзімдік жұрты шырылдап, кімнен көмек сұрарын білмей жатқанда, аудан басшылығы облыстан 107 млн теңге бөлінгенін айтып мақтанды. Тек тазалау жұмыстары қашан басталатынынан бейхабар. Ақшаны игеруге байқау жарияланғанымен, жеңімпаз әлі анықталмаған. Сондықтан ауыл шаруашылығының дамуына жауапты атқамінерлер дихандар дау көтермей, сабырлық танытсын деп отыр.