03.04.2018, 05:45

Қоғам өзінің даму жолымен жүргені абзал

Ол – баланың конституциясы

…Сосын мектептерде әркім оқулық жаз­ғыш болып кетті. Оқулық дегеніміз құнды дүние. Ол – баланың конституциясы. Бірақ оны әркім жазғасын, оның іші бірыңғай қате болады. Біз сонымен бір ғана баланы емес, сан ұрпақты қателестіріп жатырмыз. Бұл өте өкінішті.

Шешендік мектебін ашу керек деп ойлаймын

Меніңше, Астана қаласында барлық жағ­дайды жасап, елдегі барлық дарынды балаларды жинап алып оқытатын Төле би, Әйтеке би, Қазыбек бидің шешендік мектебін ашу керек деп ойлаймын. Содан соң даналыққа үйрететін Абайдың дана­лық мектебі керек. Бұл біздің балалары­мыздың болашағы үшін қажет.

Біздің айызымызды қандырған, көкейі­мізден шыққан, іздегенімізді тауып берген Елбасымыздың «Бола­шаққа бағдар: руха­ни жаңғыру» атты мақаласында көтерілген мәселе бір күнде туған жоқ. Бұл көп уақыттан бері елдің көкейінде жүрген, жұрт­тың көкейін тескен, күндіз өңінен, түнде түсінен кетпеген сондай тағдырлы қазақ халқының тағдырына қатысты терең ойлар еді. Бұл мақаланы жазу­ға Елбасы­ның өзі бірден келе қойған жоқ. Керек бола­тын болса, біздің ұлт рухани жаңғы­руды тәуел­сіздік алған кезден бастады. Мен мұны сол кезден басталған тәжіри­бенің қорытындысы деп есептеймін. Біз мұны бұған дейін айтып та, жазып та жүр­дік. Біз мұны кез-келген қазақ интелли­генция­сының арманы десек болады.

Анау бір жылы Елбасы қасиетті Ұлытаудың етегінде, Әулие бұлақтың басында отырып терең тебіреніп, халықпен сырласты. Сол сұхбатында көптеген ойлар айтты. Сонда қазақ­тың қасиетті жерлері туралы, қазақ­тың ешкімнен ұялмайтын тамыры терең тарихы бар екені жайында, ол тарих үнемі тұтастану, бірігу тарихы екені жайында керемет айтты. Сол тұста  көрші елдің бір басшысы қазақ­тың тарихы жоқ деген әңгіме айтқан еді. Соған бұл қарсы айтыл­ған керемет пікір есебінде болды. Қазақтың өз тарихы бар, Қазақ хандығына 550 жыл болды деп, жұрт күтпеген жерден жарқ еткізіп батылдық танытты. Бұл қасиетті Әулие бұлақтың басында айтылып еді. Содан бері Елбасы үнемі тебіренумен келеді. Менің жадымда,  тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай «Ұлы дала ұлағаттары» дейтін керемет бір кітап жазды. Онда қазақ тарихы, қазақтың тағдыры, өткені, бүгіні жайлы айтып, ертеңі жайлы керемет толғанады, ғажап тебіренеді. Мен ол туралы «Егемен Қазақ­стан» газетіне үлкен мақала бергенмін. «Ол еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін, мектеп қабырғаларында, жоғары оқу орындарында, биік кеңселерде жатпай тұрмай кітап оқитын. Мұнда қазақтың тарихы бар, Елбасының тебіреністері бар» деп жазып едім. Мен кейде інілерімнен сұрастырам «Сендер осы кітапты білесіңдер ме?» деп. Бірақ бір өкініші, билікте жүрген азаматтардың көбісі мұны әлі оқыған жоқ.

Одан кейін Елбасы тәуелсіздігі­міздің шежіресі сияқты, тәуелсіздігі­міздің энциклопедиясы іспетті «Тәуелсіздік дәуірі» дейтін ғажап кітапты жазды. Бәріміз бұрын тарих туралы жазылған кітаптарды оқыдық қой. Ол кітаптарда бір алыс тарих көз алдымызға елестеуші еді. Ал мына «Тәуелсіздік дәуірінің» ішінде біздің өзіміз жүрміз. Оқиғалардың ішінде де өзіміз жүрміз. Өйткені, бұл тәуелсіздіктің алды, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары туралы болды. Ондағы басымыздан кешкен қиын­дық­тар, кешегі қаңырап қалған аты бар, заты жоқ Қазақ КСР дейтін, Қа­зақ­стан кеңестік социалистік респуб­ликасы дейтін республиканың басы­нан кешкен ахуалдары туралы айтыл­ды. Зауыттар қирады, совхоздар, колхоздар тарады, елдің бала тәрбие­лейтін аналары ала қапшық арқалап базарға кетті, мектептерде жақсы сабақ беріп жүрген мұғалімдердің бәрі қап арқалап базарға кетті. Мұндай сұмдық­тарды басымыздан кештік, соның бел ортасында жүрдік. Соның бәрі аталған кітапта жазылған. Ал «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты  мақаласы сол кітаптардан, Әулие ата басында берілген сұхбаттан шыққан үлкен қорытынды.

Мырзатай Жолдасбеков, Мемлекет және қоғам қайраткері.Дереккөз: Алматы ақшамы газеті

Бұл мақалада айтылған мәселе­лерді жүзеге асыруға мемлекетіміз құлшына кірісті. Оны атқару, орын­дату мақсатында Елбасы Ұлттық комиссия құрды. Оның төрағасы — қазіргі Президент әкімшілігінің жетекшісі Әділбек Жақсыбеков. Мен сол Ұлттық комиссияның мүше­­сімін. Қазір көптеген облыс­тарда, орталықтарда, кейбір оқу орындарында Рухани жаңғыру орта­лықтары құрыла бастады. Оны біз естіп, біліп отырмыз. Осы «Рухани жаңғырудың» мақсаты неде? Елбасы нені мақсат етіп отыр? Бұл жерде жаһандану заманында тілімізді, ұлтымызды, ұлттық мәдениетімізді, тарихымызды сақтап, өркениетті елдердің көшіне ілесіп, солармен бірге болуды мақсат етіп отыр ғой. Біз қайтсек Қазақ елі болып сақта­лып қаламыз, қайтсек көштен қал­май­мыз? «Қазақстан-2050» Стра­тегия­­лық бағдарламасында да Елбасы көптеген мәселелерді анық етіп қойған болатын. Сондағы стратегия­ның мақсаты — озық 30 елдің қатарына қосылу. Оның ішінде, 2025 жылға қарай Қазақстан мемлекеті үлкен, кішісі бар түгел мемлекеттік тілде сөйлейді деді. Бұл — бір. Екінші – латын әліпбиіне көшеміз, ал үшінші — Қазақстан Қазақ елі деп аталады деп жазды. Міне, осының бәрі түптеп келгенде, Қазақстанды табан астынан болып жатқан өзге­рістер заманында көштен қалдыр­маудың амалы деп есептеймін.

Елбасы көтерген мәселенің тағы бірі – ұлттық код. Ұлттық код деге­німіз не? Ол біздің ұлттық болмы­сымыз, ұлттық жараты­лысымыз, ұлттық табиғатымыз, ұлттық сана­мыз, ұлттық мәдениетіміз, ұлттық салт-дәстүріміз, ұлттық тарихымыз. Елба­сы­мыз алда келе жатқан ғарыш­тағы заманға біз осы қасиеттерімізді сақтап, көштен қалмай, жаңалық­тарды бойымызға сіңіріп барып жетуіміз керек деп отыр.

Мен жаңалыққа қарсы емеспін. Деген­мен, ғаламтор, коммуникация адамның   өмір сүру ортасы ғана емес, оның дағды­ларын да, мәде­ниетін де, таным-түйсігін де өзгертіп бара жатқандай. Оның саясатқа да, күнкөріске де, санаға да ықпалы күннен-күнге күшейіп бара жатыр. Байқап отырсақ, бүкіл әлемде ешқандай партияға қосылмайтын, ешбір идеологияны қолда­май­тын, ұлт алдындағы міндетін де мойын­дамайтын, тек дүниені ғана көздейтін осындай ұрпақ қалыптасып келеді. Бұл дегеніміз, өзінің тарихын білме­ген, ата-тегін білмеген, әдет-ғұрпын білмейтін ұрпақ қалыптастып келе жатыр деген сөз. Ал билік сондай ұрпаққа берілсе, келешегіміз не болады? Бұл мәселеге үлкен мән беру керек.

Тағы қайталап айтайын, мен жаңалық­қа қарсы емеспін, бірақ ол қоғамды жолынан тайдырып жібер­меуі керек. Адам адами қасиетін, болмысын сақтап, қоғамның қалып­тасқан эволюциялық даму жолымен жүріп отырғаны абзал.