Шығыс Қазақстанның экс-депутаты зорлады деген Елена Иванованың өз басына қауіп төніп тұр. Бойжеткен бұл жайында «Не молчи» қорының белсенділеріне баяндап берді деп хабарлайды NUR.KZ.
Еленаның айтуынша, оған қазір алты қылмыстық іске қатысы бар деп айып тағылыпты. Енді ол түрмеге тоғытылуы мүмкін .
«Зорлық оқиғасына қатысты істі жауып тастады. Ал экс-депутат менің әр арызымның үстінен іс қозғады. Оның бірінде қылмысқа қатысым бар болса, екіншісінде куәгермін. Тіпті біреуінде жалған сөз бен жала жапқаным үшін күдікті ретінде қарастырылғанмын. Ішкі істер департаменті телефонымды да алып қойды.
Сондай-ақ олар менен сотқа шақыруға дайын болуымды сұрады. Егер мені ұстап алып кетсе, бұл жайында жақындарыма хабарлап та үлгермеймін. Менің достарым, жақындарым ақшалай құндылыққа қызықпайтынымды біледі. Куәгерлерді қыспаққа алды деген осы ғой», - деді Иванова.
Алты қылмыстық істі де Медет Сәлімхановтың жүргізіп жатқаны белгілі болды. «Не молчи» орталығының жетекшісі Дина Смаилова тергеушінің үстінен арыз жазған. Сондай-ақ Елена Қайрат Қожамжаровқа, ішкі істер министрі Қалмаханбет Қасымовқа, жемқорлықпен күрес орталығының жетекшісі Шпекбаевқа осы істі қайта қарау үшін өтініш білдіріп, арыз тастаған.
«Менің ісім қарапайым әрі түсінікті нәрсе. Менде экспертиз нәтижелері де бар. Мені таңертең жұмыс орнымда зорлады. Лас, құрылыс алаңында арам ойын іске асырды. Төрт ай бойы үй қамақта ұстады. Дина Смаилованың көмегінен бас тартуымды талап етті», - деді бойжеткен.
«Бұл қызға назар аударуларыңызды сұраймын. Ол алғашқы айлардан бері шындық үшін шырылдап келеді. Қазір іс өте қауіпті», - деді Дина Смаилова.
Ал ішкі істер министрлігінің ақпарат және мемлекеттік тілдер департаментінің басшысы Алмас Сәдубаев зорлық оқиғасы дәлелденбегенін алға тартты.
«Иванованың зорлық жайлы ақпараты расталмады. Сондай-ақ дәлелдер мен фактілер расталмады», - деді Сәдубаев.
Айта кетейік, өткен жылдың 22 желтоқсанында іс жабылған болатын.