10.04.2018, 18:15

Алматыда туғанына алты күн болған сәби шетінеп кетті

Халықтың отандық медицинаға деген сенімі күннен-күнге сөніп барады. Алматыда туғанына не бәрі алты күн болған сәби кіндік сепсисінен шетінеп кетті. Нәрестеге инфекцияның қайдан түскенін ешкім дөп басып айта алмайды. Ал жас ана Әйгерім Оразбаева аман-есен туған ұлының аяқ-астынан демі таусылғанына кім кінәлі екенін анықтай алмай, сенделіп жүр деп мәлімдейді 31 арна. 

Әйгерім 4 күн ғана құшағында болған кішкентай Назардың киімдерін әлі күнге дейін көздің қарашығындай сақтап отыр. Әсіресе мына соңғы киген көгілдір костюмін қайта-қайта иіскеп, сағынышын басқысы келеді.

Жас келіншек үшінші ұлын ақпанның 13-і күні Қалқаман ықшам ауданындағы №1 клиникалық ауруханада босанған. Сәби мен ананың денсаулығы жақсы болғандықтан дәрігерлер оны екі күннен кейін-ақ үйіне жіберген. Алайда шақалақ 2 тәуліктен соң дұрыс ембей, әлсіреп, денесі сарғая бастапты. Анасы жедел жәрдем шақырып,  қалалық балаларға арналған жұқпалы ауралар ауруханасына түскен. Ол жерде дәрігерлер баланың билурибині жоғары деп жан сақтау бөліміне алып кеткен. Ал екі күннен кейін сәби шетінепті.

«Инфекционный больницаға бардым. «Бала не үшін өлді ?» дедім. Сергей есімді реаниматолог айтты: «баланың пуповинасына инфекция түскен» деді. Сіздер маған билурибин деп айттыңыздар ғой дедім. Жоқ баланың пуповинасына не түскен, неонатальный сепсис. Кіндігінен ірің аққан, аузы-мұрнынан қан ағып кеткен, балаңыз қиналып өлді деді», – жас ана Әйгерім Оразбаева.

Әйгерім ұлының өліміне кім кінәлі екенін анықтау үшін талай табалдырықты тоздырып, Денсаулық сақтау министрлігіне дейін арызданған. Алайда адам өлімінің себебін анықтау Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау департаментіне жүктелген екен. 

Ал департамент басшылығы сәби өліміне қатысты арнайы комиссия құрылғанын, алайда анасы «медицина қызметкерлеріне наразылығым жоқ» деп өзі арыз жазған соң  комисия жұмысын тоқтатты деп отыр.

 “Мен Әйгерімді мұқият тыңдадым. Ол тексерудің қайта жүргізілуін талап етіп отыр. Сондықтан бізге арызын қайта жазса комиссияны қайта құрып, тексеру жүргіземіз. Әйгерім өз арызында қандай медициналық мекемеге шағымданады соны біз тексереміз”, – дейді  Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті жетекшісінің орынбасары Майра Үкібай.  

 

Алайда Әйгерім Оразбаева «№36 емхана қызметкерлерін ғана қудаламауын сұрағам. Себебі емхананың бас дәрігері мен педиаторы жылап, кешірім сұрап келген. Бірақ бұл баланың өліміне кім кінәлі екенін анықтауды тоқтату керек деген арыз емес еді» дейді.  Себебі жас ананың пікірінше, ай-күні толып, өмірге аман-есен келген ұлы дәрігерлердің салғырт қарауының құрбаны болды.