Ақтөбелік дәрігерлер екпеден бас тартқан ата-аналармен кездесу үшін олардың пәтеріне барды. Ана-аналардың кейбірі есікті ашпай, кейбірі дәрігерлердің түсіндірмесін тыңдаудан бас тартты, деп жазады ҚазАқпарат.
Қазақстан бойынша 12 мыңнан астам бала екпеден бас тартқан болса, оның 2600-ге жуығы Ақтөбе облысында тұрады. Дәрігерлердің айтуынша, облыстар арасында баласына вакцина жасатпағандардың көшін Ақтөбе бастап тұр. Сондықтан әр ата-анамен жеке кездесіп, олардың қарсы болу себебін білу үшін бүгін дәрігерлер үйді-үйді аралады.
«Биыл бірінші тоқсанда 130 бала екпе алмады. Шынын айтқанда, екпе алмағандарды көндіргенімізден жаңа туған сәбиіне вакцина бермеген адамдардың саны басым болып кетті. Кабинетте отырмай пәтерлерді аралап, дәрігерлерге семинар өткізіп жүрміз. Аудандарға да бардық. Бас тартқандардың 70 пайыздан астамы перзентханадан бастайды. Олар бұрын да екпеден бас тартқан, алдыңғы балалары да екпе алмаған ата-аналар. Сөйтіп қатары көбейіп келеді. Көбі дін мен жеке бас көзқарасын алға тартады», - деді Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Светлана Есенаманова.
Дәрігерлердің айтуынша, қандай да бір заң қабылданбаса, бұл күрес үздіксіз жүре береді.
«Вакцинацияның зияны бар деген фильмдерде еш негіз жоқ. Ол жерде өзін ғалыммен деп таныстырған адамдар табылмады. Сонымен қатар, олар зерттеу жұмыстарын жүргізбеген. Мәселен, Алматының акушер-гинекологі бір фильм таратты. Мен оны танимын, білемін. Ол қояндарға тәжірибе жасап, өз тұжырымын дәлелдемек болды. Бірақ ол зерттеуді ғылыми институт растамады. Ғылымда дәлелденген факт бойынша вакцинация аутизм, туа бітті сал ауруына әсер етпейді», - деді Светлана Есенаманова.
Кездесуге «Нұр ғасыр» мешіті, Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университетінің қызметкерлері мен дәрігерлер қатысты. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, биыл бірінші тоқсанда бұрын екпе алмай жүрген 56 баланың ата-анасы келісімге келіп, алдын алу шарасын бастады. Түсіндірме жұмыстары әрі қарай жалғасады.