$ 494.87  520.65  4.91

Өлгенде көрген бір «мерейтой»: Арыстанбек Мұхамедиұлы Астананың 20 жылдығына 19 млрд теңге жұмсамақшы

Бұған дейін түрлі даулы мәселелерде аты жиі аты шыққан Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы бүгін бүкіл қазақстандықтардың жағасын ұстатты. Ол, яғни Мәдениет министрлігі 6 шілдеде болатын Астананың 20 жылдық мерейтойын тойлауға 19 миллиард теңгеге жуық қаражат жұмсамақшы.

Арыстанбек Мұхамедиұлының бұл сәлемін бүгін Парламент депутаттарына оның орынбасары Сәкен Мұсайбеков жеткізді. 19 миллиард теңгеге той жасау дегенді естігенде сенаторлардың өздері ішіп отырған суларына шашалып қала жаздады. Елде әлеуметтік проблемалар толып жатқанда 1 апталық тойға осыншама қаражатты жұмсау сау адамның істейтін ісі емес дегенді ишаралады халық қалаулылары.

«19 миллиард теңге??? Ол бес-алты күнде өтіп кететін шара ғой. Көп болса, бір жұма өтер ары кеткенде. Ал енді мына денсаулық сақтау мен мектеп салуға барлығы 7 миллиард теңге ақша жұмсалмақ. Бұл бірінші сұрақ. Қандай шаралар?» - деді Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы.

Елге ең қажетті нәрселерге келгенде ақшасын там-тұмдап жұмсайтын шенеуніктердің бұл жоспарын сенаторлар осылай сынап тастады. Мәселен, дәл осындай қаражат былтыр елдегі бүкіл мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын өсіруге жұмсалған екен. Бір айта кетерлігі, Астана күнін тойлауға кететін бюджет шығыны жыл сайын қарқынды ұлғайып келеді. Мәселен, 2009 жылы небәрі 120 миллион теңге жұмсалса, 2014 жылы 700 миллионға өскен. Ал биыл рекордтық көрсеткішке жетті. Ал қыруар қаржыға қарық болатын министрлік өкілдері шаралар апталық емес, жыл бойы жалғасады деп басу айтып отыр.

«Барлығы 18 миллиард 800 миллион теңге. Оған Астананың 20 жылдығын тойлау аясында 85 шара өткізу жоспарланған. Бізді Қаржы министрлігі толық қолдап отыр. Ол ақша бюджетте қарастырылып қойылған. Біз сол шараларды абыроймен атқарамыз деп отырмыз» - деді Сәкен Мұсайбеков.

Дереккөз: КТК телеарнасы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары