Ерке Есмахан әлеуметтік желіге қандай да бір сурет бөліссе болды тыңдармандары оның өткен өмірін қазбалап, ажырасқанын бетіне басуды әдетке айналдырған. Жеке өміріне араласып, ауыр сөз айтқандарға әнші төмендегідей жауап жазды.
«Бірақ бәріміз кемшілігі көп пендеміз, мінсіз тек Алла ғана! Бәрін білуші, бәрін көруші де, ешқашан қателеспейтін де Алла!
Менi даттап болсын, мақтап болсын, мысқылдап болсын, ерінбей пікір жазатын әр оқырманымды сыйлаймын. Қазір бәріміздің көзіміз ашық, көкірегіміз ояу! Алла берген сау 12 мүшенің арқасында көріп, естіп, ойға келгенді сандырақ етіп жазып отырасыздар…
Сіздің біреудің өткеніне, ажырасқан, баласы бар деп тағдырына тиісуге қақыңыз жоқ! Өйткені, оның қандай жолмен жүріп өткенін білмейсіз! Алда не күтіп тұрғанын, ұл-қыздарыңыздың тағдыры қалай жалғасатынын, бауырларыңызға ертең не болатынын білмейсіздер.
Әлдене жазарда, түр-келбетті мысқылдап сынамас бұрын, тағдырды талқыға салмас бұрын жақсылап ойланыңыз. Айнаға бір қараңыз. Өз өміріңізді ойша бір шолыңыз! Ата-анаңызды, бауырларыңызды бір ойлап қойыңыз! Өсіріп отырған ұл-қызыңыздың тілеуін тілеңіз! Сол кезде жазатын нәрсеңізді ой фильтірінен өткізерсіз! Түйсіктің мүгедек болғаны, дене мүшенің мүгедек болғанынан да қауіпті екен!» – деді ол Instagram-парақшасында.
Айта кетейік, Ерке Есмахан тележүргізуші Асхат Садырбаймен некеде болған. Әнші бүгінде Мүслім атты ұлын жалғыз өзі тәрбиелеп отыр. Асхат Садырбай болса екінші рет шаңырақ көтеріп, тағы да ұлды болды.