20 сәуірде Астананың Сарыарқа аудандық соты «балағаттау, тіл тигізу» ісі бойынша сотқа мәжбүрлі түрде жеткізу үшін журналист Гүлжан Ерғалиеваны іздеп табу жөнінде қаулы шығарды.
Гүлжан Хамитқызының өзіне хабарласқанымызда ол ешқандай түсініктеме бере алмайтынын жеткізді.
«Бұл туралы ештеңе білмеймін, қолыма соттың қаулысы келген жоқ», – деді.
Гүлжан Ерғалиеваның жеке айыптаушысы — танымал адвокат Асхат Оразаев.
Пәленің бәрі Facebook-те басталған. 2017 жылдың қыркүйегінде публицист Сейдахмет Құттықадамның қазақ тілін латын әліпбиіне көшіруге байланысты жазған пікіріне коммент қалдырудан шыққан екен. Асхат-адвокат «өте көп дұрыс әріптер жазылған екен!», деген коммент тастап, оның жанына қалжыңды білдіретін смайлдар қойған.
Содан сөзден сөз шығып, ақыры Гүлжан Ерғалиева Оразаевқа былай деп жазып тастапты:
«Тупой Асхат… Тупой қазақтың ең страшный образы екенсің», деген екен.
Адвокат қой. Мұндайды жеке басқа тіл тигізу деп санап, Гүлжан Ерғалиеваны сотқа берген.
«Бұл іс Астана мен Алматының арасында үш айдай доп сияқты домалады. Гүлжанды кім соттайтыны әрең шешілді. Тіпті Жоғары сотқа дейін барып, олар бұл іс Сарыарқа аудандық сотында қаралсын деп шешті», — деді адвокат Асхат Оразаев 365info медиапорталына.
Танымал журналист Гүлжан Ерғалиеваға іздеу салынған қаулыда
журналистің сотты сыйламай, 17 және 20 сәуірдегі екі сот отырысына дәлелсіз себеппен келмей қойғаны айтылады.
Енді Алматының Медеу аудандық Ішкі істер басқармасына Ерғалиеваны тауып, тез арада Астанаға алып келу тапсырылды.