Соңғы уақыттарда қазақ зиялыларының назарына іліккен тақырыптардың бірі - атақты ақынымыз әрі қоғам қайраткері Мұхтар Шахановтың қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғаларына қатысты айтқан тосын ой-пікірлері.
Қаламгер қауымын киелі сөздің иесі, ұлттың ұйытқысы деп танитын қабырғалы қалың оқырманды былай қойғанда, қазіргі қазақ әдебиетінің өркендеуіне хал-қадерінше үлес қосып жүрген ақын-жазушылардың талайы «Бұл Мұхаңа не болған?» десті.
Ақынның осындай ұстанымы бүгінгі таңда қоғамдық пікірсайысқа ұйытқы болып, қызу талқыға түсуде. М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғалымдары да бұл мәселеден тыс қала алмай, арнайы дөңгелек үстел өткізіп, ойларын ортаға салған еді.
Тоқтар Әлбеков, Қолжазба және мәтінтану бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты:
Кейінгі уақыттарда ақпарат көздерінде, әлеуметтік желілерде жиі-жиі елімізге танымал адамдарға қатысты дау-дамай туындап отыратыны ешкімге де жасырын емес. Бұл сөзжарыстарға оң-солын әлі тани қоймаған жасөспірімнен еңкейген кәріге дейін араласып, жүз көріспей-ақ (виртуалды) қызылкеңірдек болып жататыны таңдандырады. Әшейінде селқос, еріншек, томаға-тұйық жастарымыз осындайда жанып кетеді. Олардың көбі өздерінің білім деңгейіне де, аталған тақырыптың қажет, қажет еместігіне де қарамай, әлгі сөз-көкпардың бел ортасында жүреді. Екіншілері солардың атын жетектеп, артынан қамшылап, ұрандап өздерінің діттеген мақсаттарына пайдаланбақ болса, енді біреулері жалған жанашырлық, рулық мүдде үшін жанталасуда. Әлеуметтік желілердегі осындай ірі майдандардың бірі бүгінде ақын Мұхтар Шахановтың маңайында жүріп жатыр.
Сол сөзтартыстың бір нысанасы – халық ақыны Жамбыл Жабаев туралы. Нақтылап айтқанда, «Сталинның туфлиін махаббатпен жалаған...», «Шынымды айтсам, жырларынан қос жол өлең таппадым...» деп қарт ақынның жағымпаздығын сынап, шығармашылығына шүбә келтірген – М.Шахановтың «Жамбылдың «дара ерекшелігі» және оның туған ауылындағы кездесу» атты өлеңі. Менің өз басым Ұлы Отан соғысынан кейін өмірге келген Мұхаң Жамбылдың қашан, қай жерде Сталинның туфлиін махаббатпен жалағанын білмеймін, ал оның шығармаларын, тіпті болмағанда Қазан төңкерісіне дейінгі өлең-толғаулары мен айтыстарын толық оқымағанына сенімдімін. Таныс болғанның өзінде ХІХ ғасырдың ортасында туған шала сауатты халық әдебиеті өкілінің бойынан ХХІ ғасырдың кәсіби ақынының деңгейін іздеу де қисынсыз. Халқымыздың тілін, ділін, дінін насихаттап жүрген, сол жолда шыңдалып, үлкен қоғам қайраткері болып қалыптасып, ұлтымыздың ірі тұлғаларының біріне айналған, көрнекті ақын Мұхтар Шахановтың көкейінен мұндай дәлелсіз, сүреңсіз ойлар шыққанына таңданбаса, болмайды. Күннен-күнге ұшығып бара жатқан бұл пікірталастардан көп оқырмандардың Мұқаңа деген наразылығын аңғаруға болады. Сондықтан оның өзі халықтың алдына шығып, ұлтынан кешірім сұрауы керек.
Дереккөз: Qamshy.kz