28.04.2018, 05:54

«Айналаңды Нұрландыр!» жобасына қош келдің

Тәрбие дегеніміз – жеке тұлғаны қалыптастыруға, жас ұрпақты білімді, өнегелі етіп, адамгершілік құндылықтарын дарыта отырып, қоғамда дұрыс өмір сүруіне бағытталған процесс. Кең әлеуметтік тұрғыдан алғанда, тәрбие – аға буынның өмірлік тәжірибесінің, өмір бойы алған білімінің, біліктілігінің, ойлау қабілетінің, адамгершілігі мен этикалық, құқықтық нормаларының жас ұрпақпен бөлісуі деп жазады «Алматы Ақшамы» газеті.

Осы тұрғыда білім теру теориясынан бөлек аталған өмірлік құндылықтарды іс жүзінде қаншалықты жүзеге асырып келеміз деген сұрақ туындады?

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жыл сайынғы Жолдауларында қазақстандықтардың осы жылдары ең басты жеткен жетістіктерінің бірі – ел татулығы, қоғам тұрақтылығы туралы үнемі айтып келеді. Әлем мемлекеттері мойындаған бірлігіміз бен ынтымағымыздың астарында бейбітшілікке ұмтылу, әлеуметтік-экономикалық даму, ұлттар достастығын нығайту, жоғарғы руханиятты дамыту, жалпыға ортақ еңбек қоғамына ұмтылу, ұлттық қауіпсіздік, ортақ тарихымыз бен мәдениетімізді жандандыру және дүние жүзінде бейбітшілік орнату үшін еліміздің дүниежүзілік проблемаларды шешу мақсаты тұр. Сонымен қатар, Елбасы ел болашағының жарқын болуы үшін жас ұрпақты білімді, белсенді, патриотты, дені сау, жауапкершілігі жоғары, инновациялық даму жолында бәсекеге қабілетті, үш тілді меңгерген азаматтар етіп тәрбиелеу қажеттілігін баса айтқан болатын.

Тәуелсіздігімізді алғалы қысқа мерзімде Қазақстан дүниежүзілік қауымдастықтың беделді және толыққанды мүшесі ретінде қалыптасып, әлемдік экономикалық және мәдени кеңістікке белсенді интеграциялану процесін бастан өткеруде. Осы тұрғыда жастарда абыройлы білім, әлеуметтік белсенділік, жаңа мамандықтарды игеруге талпыныс, коммуникативтілік сияқты жаңа позитивті трендтер қалыптасты.

Президентіміздің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесінде жастардың өз елінің тарихы мен мәдениетіне деген ұлттық қызығушылық қалыптасуда.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті жастарға өнегелі тәрбие беруде кешенді бағдарламалар қабылданып, іске асырылуда. 2012 жылы оқу орын ректоры Ғалым Мұтановтың бастамасымен «Айналаңды нұр­ландыр!» атты жоба іске асырыла бастаған болатын. Жобаның мақсаты – адамзаттың адамгершілік, инабатты­лық құндылықтарын насихаттау, жеке тұлғаның этикалық, рухани-инабаттылық қағидаларын, оның моральдық қасиетін қалыптастыру, шығармашылық әлеуетін дамыту, өзінің және өзге ұлттардың мәдениетін, салт-дәстүрін, діни құндылықтарын құрметтеу, өз ата-анасының, туған Отанының, адамзаттың алдында өз борышын орындау, табиғатты қорғау болып табылады. Сондай-ақ, осы бағытта жасөспірім балаларға, науқастарға, қарияларға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға түрлі көмектер көрсетуге арналған еріктілер қозғалысы дамып келеді.

«Кез-келген жан өмірге қандай із қалдырамын деген ойды есте берік ұстауы керек. Көреалмаушылық, қызғаншақтық бар жерде еш даму болмайды. Аяқтан шалу, арызқойлық жақсы қасиеттер емес. Небір ізгі ниеттерді жастар бойына қалыптастыру арқылы өркениетке қол жеткіземіз. Өркениет арқылы, алған ілім-білімдерді жақсы іске жұмсау арқылы, тәрбиеге ден қою арқылы халық өмірінің сапасын арттырамыз. Міне, «Айналаңды нұрландыр!» жобасының негізгі діттегені де осы», – деген болатын оқу орын ректоры Ғалым Мұтанов. Сондықтан ҚазҰУ-нің жастарын тәрбиелеу білім ордасының басты мақсаты болып табылады.

Осы орайда «Айналаңды нұрландыр!» жобасының қатысушылары адамға қолұшын созып, көмек көрсете білгенің – бұл істеген жақсылықтардың өзіңе бірнеше есе қайтып келуі деген сенімде.

Сондықтан «Айналаңды нұрландыр!» жобасы жастарды белсенді болуға шақырады.

А.СМАҒҰЛОВА,Б.ТАСТЕМІРОВА,әл-Фараби атындағы ҚазҰУ аға оқытушылары.