21.06.2015, 18:00

Бейбітшілік пен даму жолындағы үнқатысу

Осыдан 12 жыл бұрын, яғни, 2003 жылдың 23-24 қыркүйегінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен елордада алғаш рет Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі өткен еді. Биылғы жылдың 10-11 маусымы аралығында Астанада 5-ші мәрте өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі бейбітшілік пен даму жолын мақсат тұтқан діндер лидерлері мен саяси қайраткерлердің үнқатысуына арналды.

Өкінішке қарай, биылғы жылы өткен V съезд ғаламдық дең­гейдегі сын-қатерлер, әлем мен тұрақтылыққа қауіп төндіретін теке-тірестер, ұрыс-жанжалдар мен түрлі сипаттағы соғыстар, жаңадан пайда болып жатқан келеңсіздіктер мен өңірлік қарама-қайшылықтар жағдайына тап келді. Бұларға дүниежүзінің әртүрлі қиырында өздерінің белсенділіктерін көрсетіп жүрген радикалды ағымдардың іс-әрекеттерін де қосуымыз керек. Міне, сондықтан, қазіргі таңда күн тәртібінде бейбітшілік пен бейбіт әлем үшін барлық күш-жігерді біріктіру мәселесі өзекті болып тұр. Себебі, өрке­ниетаралық үнқатысуды нығайту бағытында өзара ықпалдастықты жандандырғанда ғана, сондай-ақ, адамзат ортақ мақсат жолында күш біріктіргенде ғана әлемдегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға қол жеткізуге болады. Ал мұндай үдеріс кезін­де үнқатысуға негізделген пікірталастың маңызы айрықша. Сондықтан, биылғы жылғы рухани форумның басты мақсаты үнқатысуды жандандыру болды. Мәселен, бұл съезде пікірталастар тәжірибелік сипатқа құрылды. Астана дінаралық форумының болашағы да, міне, осыдан көрінеді. Бұл ретте мына жайтқа айрықша мән беру керек. Ол – V съезге қатысқан барлық дін өкілінің қазіргі таңдағы келең­сіздіктер мен түйткілдерге дер кезінде үнқатуларының әлемдік ауқымда анық және мығым болып шығуы. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің V съезінің негізгі міндеті – бір жағынан үнқатысу алаңын кеңейтіп қана қоймай, оның сапасын көтеруге ықпал ету, съезге қатысушылар арасындағы өзара түсіністікті арттыру, рухани және саяси лидерлердің ықпалдастығын жандандыру болса, екінші жағынан, жаңа мыңжылдықтың ең өзекті де түйткілді мәселелерінің түйінін тарқатуға септесу. Мәселен, биылғы съездің бірінші секциялық отырысының тақырыбы «Діни және саяси лидерлер: адамзат алдындағы жауапкершілік» деп аталды. Адамзаттың тарихи дамуының жаңа кезеңінде діни және сая­си көшбасшылардың рөлі айрықша маңызға ие болып тұр. Себебі, ХХІ ғасырдың екінші онжылдығында жетекші әлемдік деражавалардың діни лидер­лері мен саяси қайраткерлері экстремистік, радикалдық және сепаратистік күштерге қарсы жұдырықтай жұмылу қағидасын ұстануға шақырылып отыр. Бұл өз кезегінде мемлекеттер мен қоғамдардың территориялық біртұтастығына және ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келтірмеуі үшін ауадай қажет. Демек, діни өкілдер мен саясаткерлердің жүргізетін жұмыстары қазіргі заман лидерлерінің басты жауапкершілігіне айналуы тиіс. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің V съезінің екінші секциясының тақырыбы – «Діннің жастарға әсер-ықпалы: білім, ғылым, мәдениет және бұқаралық ақпарат құралдары». Әрине, жастардың рөлі съезде алғаш рет көтеріліп отырған жоқ. Мәселен, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің ІІІ съезінде жастарды съезд жұмысына тарту туралы идея көтерілген болатын. Ал ІV съездің төртінші секциясы «Дін және жастар» деген тақырыпқа арналған еді. Бұдан нені аңғаруға болады? Бұдан жастардың қоғамдағы айрықша категория екенін байқауға болады. Сондықтан, бүгінгі жаңа заман олар үшін мәдениетаралық және дінаралық үнқатысудың алаңына айналуда. Бұл жерде жастар өздерінің тұлғалық мүмкіндіктерін кеңейтіп қана қоймай, әріптестік қарым-қатынас орнатуға үйренеді, өз-өзін анағұрлым тануға және түсінуге ұмтылады. Жаһандану жағдайындағы заманда, мәдениеттер араласқан және бұрынғы кезеңмен байланыс үзілген шақта, осыған байланысты жаңа және түсініксіз құбылыстар пайда болған кезде «бөтеннің» мәденеті мен салт-дәстүріне төзімділікпен және құрметпен қарауды үйренуде тәжірибелік тұрғыда тәлім-тәрбие мәселесін жетілдіру алдыңғы қатарға шығады. Бұл орайда, жастарға қазіргі заманда өз жолын дұрыс таңдау, нақты бағытты іздеу жаңа идеялар мен идеалдарды табу үшін айрықша қажет. Бұл орайда, қоғам үшін діни және рухани «киімдермен» бүр­кемеленген халықаралық экстре­мизм мен терроризм мәселесі күрделі болып тұр. Экстре­мистік ұйымдардың негізгі мақсаттарының бірі – өздері­нің қатарларына жастарды анағұр­лым көбірек тарту. Себебі, жас­тар өз­дерінің әлеуметтік және психологиялық мінез-құлық­­­тары­на және айналада болып жат­қан жағдайларды терең қабыл­­дайтын көзқарастарына сәйкес, ради­калдық және елік­тегіш көз­қарастар мен сенімдер анағұрлым көп қалыптасатын ортаға жатады. Қазіргі таңда экстремизм мен терроризм идеологиясының таралуына дер кезінде қарсы тұру өте маңызды. Ал оны дәстүрлі діни институттардың көмегімен, олардың өзара түсіністігі мен күш біріктіруінің, өзара ықпалдасуының арқасында жүйелі түрде жүргізу қажет. Бұған қоса, қандай да бір сенім-нанымға төзімділікпен қарау, ұлт­аралық және дінаралық келі­сімге деген толеранттылыққа қатыс­ты халықаралық жобаларды жетілдіру де айрықша мәнге ие. Сондай-ақ, экстремистік сая­сат­қа қарсы мазмұнға ие діни ба­ғыт­тағы бұқаралық ақпарат құрал­дарының рөлін күшейту, экс­тремистік, радикалдық және ксено­фобиялық көңіл-күйге қар­сы тиімді әдіс-тәсілдердің бірі ре­тін­де тұрғындар арасында діни на­си­хаттың деңгейін белсен­ді түр­­де көтерудің де маңызы орасан.­ Міне, осындай жағдайда ғана, діннің рөлі адамзаттың рухани байлығы ретінде өзектілене түседі. Себебі, ол қай кезде де адамзат қоғамының, оның дүние­танымының және әлемді қабылдауының ажырамас бөл­шегі болып келген. Қазіргі заманда да дін адамзаттың мәдени және рухани бөлшегі ретінде қарас­тырылады. Сондықтан, бұл тақырып жастардың үлкен мүм­кін­дігін ескергендіктен де терең­нен және жан-жақты талқыланды. Съездің үшінші секциясының тақырыбы – «Дін және саясат: жаңа үрдістер мен перспекти­валар». Бұл тақырып жаңа заманға сәйкес, үлкен маңызға ие болып отырған дін және саясаттың өзара байланысына арналды. Ең бірінші кезекте, бұл жаһандану кезеңіндегі саясаттың дамуының ерекшеліктеріне және діннің ­рө­ліне байланысты туында­ған-тын. Мемлекеттер мен қоғам­дардың дамуындағы өзекті мә­селелер діннің алар орны мен рөліне, оның мемлекетпен ара­қатынасындағы өзгерісіне айрықша әсер етеді. Дін мен саясаттың өзара әрекеттесуіндегі жаңа үрдістер мен перспективалар жаңа заман алға тартқан қауіп-қатерлерге де байланысты. Бұл өз кезегінде саясаткерлер мен дін өкілдерінен жауапкершілікті, бір жерге жұмылуды, өзара түсіністікті, экстремизм мен терроризмге қарсы әрекет ететін тиімді тетіктерді әзірлеуді талап етеді. Бұл, ең алдымен, әлемде бейбітшілік орнауы үшін қажет. Съездің соңғы секциясы «Бейбітшілік, қауіпсіздік және үйлесімділік үшін әлем­дік және дәстүрлі діндер көш­басшыларының өзара құрмет пен түсіністік негізіндегі үнқатысуы» деген тақырыпқа арналды. Бұл – дінаралық үнқатысу аталған съездің басты қағидасы деген сөз. 2006 жылы өткен ІІ съезде дінаралық үнқатысудың 9 қағидасы қабылданды. Ондағы 7-ші қағида, яғни толеранттылық ауанындағы үнқатысу – барлық адамдар бір ғана ғаламшарды мекендеген дегенге негізделген. Ал бұл ортақ құндылықтарды, мәселен, өмірдің құндылығын, адамзаттық қадір-қасиетті, біртұтастықты меңзейді. Демек, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің V съезінің тақырыбы ортақ мақсатқа – бүкіл әлемде қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту жолында өркениетаралық үнқатысуды жандандыруға бағытталды деп форумнан кейін нық сеніммен айта аламыз.