ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ұлттық экономика, инвестициялар және даму, денсаулық сақтау министрлері, сондай-ақ бірқатар облыстардың әкімдері мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту мәселелері туралы баяндады.
Елжан Біртановтың айтуынша, бүгінде денсаулық сақтау саласындағы МЖӘ жобаларының тізімі 175 жобаны қамтиды, олардың 50-і бойынша келісімшарт жасалған, қол қойылған келісімшарттардың жалпы құны 33,7 млрд теңгені құрайды.
«Мемлекет басшысының 2018 жылғы Қазақстан халқына Жолдауын орындау аясында Алматы қаласында орналасқан бес республикалық ғылыми-медициналық орталық біріктірілді. Қазақ ұлттық медицина университетіне (С. Д. Асфендияров атындағы - авт.) қарайтын 1265 орындық университеттік аурухананы құру мақсатында мемлекеттік-жекешелік әріптестік жоба іске асырылды. Аталған жоба қазіргі күні Ұлттық экономика министрлігінде экономикалық сараптамалардан өту сатысында», - деді Біртанов Үкімет отырысында.
Сонымен қатар, министр Қазақстанның денсаулық сақтау саласын дамытудың «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын орындау қалай жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті. Оны іске асыру мақсатында өңір әкімдіктері денсаулық сақтау ұйымдары желісінің жаңа мемлекеттік нормативтерін іске асыру үшін кезең-кезеңмен қайта құру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сондай-ақ, бағдарлама шеңберінде 2025 жылға дейін инвестициялардың ұзақ мерзімді қажеттілігін көздейтін инфрақұрылымды дамытудың перспективалық жоспарлары бекітілген. «Осы жылы өңірлік перспективалар жоспарлары негізінде жұмыс жалғасатын болады. Амбулаториялық-емханалық сектор деңгейінде бағдарламалық мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын әзірлеу жүргізілуде. Ал стационарлық сектор деңгейінде халықаралық қаржы ұйымдарын тарту арқылы инфрақұрылымдық модельді іске асыру үшін үздік халықаралық тәжірибелерді зерделеу ұсынылады», - деді Елжан Біртанов.