Астана банкіндегі салымшылардың барлық дерлік есепшоты депозиттерге кепілдік беру жүйесімен қамтылған. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев мәлім етті деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Ақышевтың айтуынша, банкке ақша салған азаматтар келешекте қиындыққа тап болмауы үшін елімізде жеке тұлғалардың депозиттеріне кепілдік беру жүйесі құрылған. Осылайша, кез келген депозит, есепшот немесе карта есепшоты Ұлттық банктің қарауындағы депозиттерге кепілдік беру қорымен қорғалған. Яғни, егер банктің басына қара бұлт үйірілсе, ондағы салымшының ақшасын толығымен мемлекет өтейді. Бірақ салымның сомасы 10 миллион теңгеден аспауға тиіс.
"Сондықтан депозитінде осынша сомадағы ақша жатқан азаматтарға алаңдамауға болады. Мұның Астана банкіне де қатысы бар. Бұл банктегі барлық есепшоттың 99 пайыздан астамына мемлекет кепілдік береді. Бұл орайда мәселе жоқ деп ойлаймын", — деді Ақышев.
Еске сала кетейік, Ұлттық банк жұмысының қорытындысы бойынша өткен отырыста Нұрсұлтан Назарбаев жағдайы мүшкіл үш банкті атап көрсеткен болатын. Оның ішінде "Астана банкі"де бар.
Артынша "Астана банкі" салымшылардың алдындағы борышты өтеу үшін Ұлттық банкпен шұғыл қаржы бөлу бойынша келіссөздер жүргізіліп жатқанын хабарлады. Бұдан бөлек, банк борышкерлерімен алған несиесін уақытын бұрын қайтару жөнінде жұмыс істеліп жатқаны айтылды. Сондай-ақ банк есепшоттар арасында аударымдар жасау мен депозиттерден ақша алуға шектеу енгізіп отыр.