30.06.2015, 18:00

Астанада 400 автобусқа WI-FI орнатылды

mignews.com

Бүгiн Астанада қоғамдық автобустарды тегiн интернетпен жабдықтау бойынша "WI-FI Bus Astana" жобасының тұсауы кесiлдi. 

Аталған жобаны Астана әкiмдiгi, "BEELINE" ұялы байланыс операторы, "Астана LRT" компаниясы және "Астана Innovations" инновациялық даму операторы қолға алып отыр. Жалпы WI-FI Bus жобасы Қазақстанда 2013 жылы басталған болатын. 

BEELINE Қазақстан компаниясының атқарушы директоры Тарас Пархоменконың айтуынша, қазiргi уақытта WI-FI Bus жобасы 9 қалада жүзеге асырылуда. 

"Интернеттiң жылдамдығы секундына 1,5-нан 10 мегабиттi құрайды. Бүгiн бiрнеше сағаттың iшiнде автобустардағы интернеттi 300 астам адам пайдаланған және 2,5 гб трафик жүктедi", - дейдi ол. 

"Астана LRT" компаниясының басшысы Талғат Арданның атап көрсеткенiндей, бүгiнде 100 автобус интернетпен жабдықталса, түстен кейiн олардың саны 400-ге жетедi. 

"Жақын болашақта барлық автобустарда WI-FI модульдер орнатылады. Бюджеттен ешбiр тиын бөлiнген емес", - дедi Т. Ардан.