Жуырда ғана сутенерлардан қашып шығып, көліктің астына түсіп қалған алматылық қызды енді адвокат Айман Омарова өз қорғауына алды. Айтуынша, құқық қорғау органдары Нүсіпова Раушанға байланысты қылмыстық іске қол қусырып отырған көрінеді. Сондықтан істі Бас прокуратура өз бақылауына алса дейді заңгер.
Қайрат Қожамжаровтың атына видеоүндеу жолдаған А.Омарова секс-құлдықта отырған қыздардың көп екенін айтқан.
«Нүсіпова Раушан бірнеше жыл секс-құлдықта болған. Жәбірленушінің айтуынша, жеңгетайлар Қазақстан, Өзбекстан, Қарақалпақстан қыздарын жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген. Бірақ еліміздегі құқық қорғау органдары бұл іске байланысты ешқандай шара қолданбай отыр. ІІД-нің қызметкерлері притондар отырған мекен-жайға барған болатын. Десек те, бұл іске қатсты тексеру жұмыстарын жүргізбеген. Сол себептен Бас прокурордан «Адам сатумен» айналысатан қылмыстық істерді қолға алуын сұраймыз», – дейді Айман Омарова.
Сондай-ақ, ол құқық қорғаушылардан жәбірленушіге көмек қолын созғысы келген волонтерлерге қысым көрсетпеулерін сұрады.
Еске салсақ, осыдан бір апта бұрын 4 жыл бойы секс-құлдықта болған Раушан есімді қыз жеңгетайлардан қашып кеткен болатын. Көліктен секіріп түскен оны артта келе жатқан өзге көлік қағып кеткен.