Бір күні əкем екеуміз базар аралап жүргенде жездем хабарласты. «Карындасыңызбен, тұра алмаймын, келіңіз» деп. Мен барлығын естіп тұрмын. Əкем тыңдап тұр. Жездем əкеме əпкемді жамандай бастады. Əкем: «Тоқта, мен қазір барамын, сонда айтарсың» деп соткасын сөндіре салды. Маған «үйге қайта бересің ба? » деген еді, мен «сізбен бірге барамын» деп ере кеттім. Жездемнің үйіне келдік. Ұрыс болған үй белгілі ғой…
Əкем отыра бермей жатып, қарындасы жылап шағына бастап еді:
– Сен қоя тұр. Күйеу баланың əңгімесін тыңдайын деп келдім, – деді.
Жездем:
— Əлеке, өзіңіз білесіз ғой. Жұмыс жоқ. Сол жұмыс істемейсің деп сөйлейді. Осы күні аузына келгенін айтады. Базарға барып, сауда жасап ақша тапқанын міндет етеді. Мен үйде қарап отырғаным жоқ қой. Үйді жинап, тамақ істеп, ыдыстарды жуып отырмын.
Əкем қолын көтеріп қалды:
—-Тоқта, сен неге қатын істейтін тірлікті жасауың керек….?
Еркек деген таңертең кетіп жұмысқа, кешке келу керек. Жума ыдыс, жинама үй! Осыларды асырау сенің еркектік міндетің! Қазір сен екеуіңнің міндеттерін ауысып кетіпті. Соған орай қатыныңның да тілі шыға бастаған. Бұл сен осылай отыра берсең, үдей береді. Есіңде болсын «Əйелдің тапқан нанын жеген еркектің кірген- шыққан сайын маңдайы маңдайшаға тиеді. Еңсеңді көтеріп, ана ұлыңа үлгі болып кір. Тамағын тауып əкеліп, тамақ дайын емес пе деп сұрау сенің міндетің. Базар əйелдің тілін шығарады. Өйткені, əйелің ол жерде күнделікті нəпақасын табу үшін жан- жағындағылармен, еркектермен де бəсекеге түсуіне тура келеді. Əйел ашынады. Ашынған адам ешкімді де аямайды. Бұның да бөтен əйелдердей күйеуім əперді деп көйлек киуге, мақтануы керек емес пе? Арба айдасаң да отбасыңды өзің бағуың керек. Мүгедек болсаң түсінер ем. Сап- сау еркектің бұндай əңгіме айтқаны жарамас. Ажырасу оңай ма? Үш балаңды мақұл əкетермін. Өсірермін. Бірақ……
Есінде болсын, маған бөтен болмағанмен менің балаларымның таяғын жеп, солардың түртпектеуімен жалтақ болып өседі. Кісі есігінде жүрген бала қорғаншақ болады. Жетімнің қарны тоймас деп атам қазақ біліп айтқан. Менің май бергенім, сенің су бергеніңе татымас. Қазір ақырғы сөзіңді айт. Қарындасым, сен ұрды деп қанша жылап келгенде орталарыңа түспедім. Өзің шақырғасын келдім. Бір туған бауырым. Үнемі ажырасамын деп келгенде қайтып жіберетін едім. Бірақ, осының жылап келгені маған оңай дейсің бе? Əке — шешеден ертерек қалды. Өлер алдында апам осыны маған аманаттаған еді. Үй болып кетсін деп қана үндемей жүрмін. Бұл маған анау өз қызымнан да жақын. Оқып жүргенінде əкетіп, оқытпай қойдың. Енді не дейсің? Өзің айт. Əкет десең, тұра алмаймын десең қазір əкетемін. Бірақ, мен бір əкеткесін қайтып жібермеймін. Бұлай жүре берсең ертең өз балаларыңа да қадірің қалмайды. Анасы сыйламаған əкені бала — шаға сыйлайды деп ойлайсың ба. …?!
Сен, қыз да, ойлан! Тіліңді қысқарт! Бүгін кетсең қайтып келмейсің?! Қалсаң қайтып жылап келмейсің?!
Үйде үнсіздік орнады. Үнсіздікті «Нағашы» деп жүгіріп кірген жиеніміздің даусы бұзды. «Маған не əкелдіңіз?», «сізбен бірге ауылға кетейінші» деп əкемнің алдында отырған тентекті «жүр, дүкенге барамыз» деп ертіп шығып кеттім. Өмірі еркелетіп маңдайымыздан да сүймейтін, ешуақытта ешқайсымызға қолын көтермеген, бірақ сұсының өзінен бəрімізді ығыстырып жіберетін, көп сөйлемейтін əкеме деген мақтаныш сезімі өсе түсті. Анам өмірінде жұмыс істеген адам емес. Бір мұғалімдік айлығымен бəрімізді оқытып, күні- түні малмен де айналысып, барлығымызды орын-орынымызға қойып жатқан əкешім қандай мықты едің !!!
Біз дүкеннен келгенде əкем сыртқа шығып, машинамыздың қасында тұр екен. Жездем мен əпкем тамаққа қарасаңыздаршы дегеніне қарамай, тентек жиенді өзімізбен ала шығып кеттік.
Арада көп ұзамай жездем жұмысқа тұрды. Əпкем бір жылдан кейін тағы бір қыз босанып алды. Содан кейін ұрысып жатырмыз деп шақырған емес. Өмір деген сабақ қой.
Бахыт Казыбековна Курманбаева
Дереккөз: Oqiga.kz