Алматы облысында полиция қызметкерінің өлімімен аяқталған төбелесте қару кезенген Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық саябағының қызметкері боп шықты. Қорықшы мылтығымен бір адамды атып, екеуін жаралаған. Қазір өзі қамауда отыр. Ал осы төбелесте полицейді пышақтап өлтірген тағы бір күдікті əлі ұсталған жоқ. Полиция майорының арқасынанан пышақтады делінген 30 жастағы Әмір Әбубәкіров Шымкентте бой тасалауы мүмкін деп мәлімдеді КТК телеарнасы.
Есік қаласында полицейді пышақтап өлтірді деген күдікті бір аптадан бері әлі іздеуде. Жігіттер арасындағы жаппай төбелесте тәртіп сақшысына суық қаруды сұғып алды делінген 30 жастағы Әмір Әбубәкіровті марқұмның әріптестері жер-көктен іздеп таппай жатыр. Туыстары да әрине оның қайда жүргенінен білмейді. Отан қорғаушылар күні болған қанды оқиғадан кейін жігіт оларға да хабарласпаған.
Мерекені атап өтуге алты жігіт жиналған екен. Алайда, ішімдік қойылған көңілді отырыстың соңы қырғын төбелеске ұласады. Артынша тағы үш жігіт қосылып, атыс шығарған. Ақыр соңында бір жігіт оққа ұшып, енді бірі-пышақтан өлді. Ал төбелеске қару алып келген табиғатты қорғап жүрген қорықшы болып шықты.
Іле-Алатауы мемлеттік ұлттық паркінің басшылары мылтықтан оқ жаудырған қызметкерінің ертесіне-ақ полицияға өзі берілгенін айтады. Алайда, ішкі істер департаментінің мәліметі басқа. Оқиғаны бір апта бойы жасырып келген тәртіп сақшылары оны өзіміз ұстадық деп отыр. Жалпы, төбелес шығарғандардың қай-қайсы болса да 2-3-еуден бала-шағасы бар қызметтегі жігіттер.
Адамның өлімімен аяқталған оқиғаның түсініксіз тұстары əлі де көп. Төбелеске жалпы қатысы бар 9 адам. Екі адамның біреуін атып өлтірсе, енді біреуі, яғни полиция қызметкерін пышақтап өлтірген. Тағы біреуі аяғына оқ тиіп, ауруханада жатыр. Екі күдіктінің бірі - іздеуде, енді бірі - қамақта. Ал қалған төрт адам туралы ешқандай мəлімет жоқ. Олар не күдікті, не оқиға куəгері боп іске тартылмаған. Жігіттер суға сіңгендей ұшты-күйлі жоқ. Атышулы қылмыс бойынша тергеу жалғасып жатыр.