Шымкентте Мемлекеттік қызметшілер күніне орай «Отанға қызмет ету – абырой» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті ұйымдастырған жиынға аймақтағы барлық аудан, қалалардан мемлекеттік қызметшілер қатысты.
Конференцияны аталмыш департамент басшысының орынбасары – Тәртіптік кеңес төрағасы Б.Бекжанов ашып, қатысушыларды кәсіби мерекелерімен құттықтады.
– Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының бірінші бағыты «Кәсіби мемлекеттік аппарат құру» тетігінен бастау алып отыр. Бұл мемлекеттің дамуы кезеңінде мемлекеттік қызметшінің рөлі ерекше екенін білдіреді» деп атап өтті.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ОҚО бойынша департаментінің жанындағы Қоғамдық кеңес төрағасы, Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Ә.Досболов, ОҚО ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы Б.Құрманғали конференцияға жиналғандарға мерекелік лебіздерін білдіріп, Ұлт жоспарының кәсіби мемлекеттік аппарат құру мәселесіне тоқталды.
Конференцияда Қазақстан инженерлік-педагогикалық Халықтар достығы университетінің ректоры Р.Қуатбекова мемлекеттік қызметтегі лифттік баспалдақтар мәселесі бойынша баяндама жасады. Айта кетелік, бұл оқу орны 15 жылдан бері «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша маман даярлап келеді.
Конференцияның екінші бөлімінде қатысушылар үш секцияға бөлініп, мемлекеттік қызметтегі этикалық және тәртіптік бақылаудың қазіргі трендтері, кәсіби мемлекеттік аппарат құрудың негізгі алғышарттары және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы біртектілік пен бірлік мәселелері бойынша тәжірибе бөлісті.