Алматы тұрғыны өзін «қылмыскер» деп себепсіз ұстап әкеткен жол полиция қызметкерлеріне шағымданды. Аулада жаттығу жасау барысында оның қолын қайырып екі полицей ұстап әкеткен. Осы жайтты «жәбірленуші» қалта телефонына түсіріп, бейнежазбаны әлеуметтік желіде бөлісті.
Айтуынша, тәртіп сақшылары күш көрсету арқылы оны Бостандық ауданындағы полиция бөлімшесіне апармақ болған. Өйткені сол бөлімшеге тұрғындардың бірінен арыз түскен екен. Бірақ өздерін таныстырмаған жол полиция қызметкерлері «айыптаған» адамының төлқұжатын сұрамастан сүйрей жөнелген. «Бүгін мен Гагарин - Жандосов көшелерінің қиылысындағы жүгіру алаңында жаттығу жасаған едім. Бір уақытта екі полиция қызметкері мені шап беріп ұстап алды. Не болғанын өзім де білмей қалдым. Бірақ олар ештеңе түсіндірместен менің қолымды қайырып көліктеріне мінгізбекші болды. Біреуі өзін таныстырғанымен екіншісі менімен сөзге келді. Қандай қылмыс бойынша ұстап отырсың деп сұрасам, ешқайсысы да жауап бермеді. Мені себепсіз келіп ұстайтындай олардың құқығы бар ма? Ең соңында қайтадан жібере салды. Сонда бұл не болғаны? Осы оқиғаға байланысты шара қолдануларыңызды сұраймын», - деп жазады автор. Осылайша, полиция қызметкерлері жігітті қандай себеппен ұстап әкеткендерін түсіндірмеген. Арыз жазған адам бұл жігітті танымайтынын жеткізгенде ғана жіберіпті. Әбден әбігерге түскен қала тұрғыны болса, енді әкімшіліктен өзін себепсіз ұстап әкеткен полиция қызметкерлеріне бір шара қолдануларын өтінді.