Алматылық әйел азаматтық некедегі күйеуінің маскүнем анасын қарттар үйіне жатқызуды ойлап жүр. Өйткені енесі араққа салынып кеткен көрінеді. Одан әбден шаршаған келіншек Instagram әлеуметтік желісінде көпшіліктен кеңес сұрады.
Оның айтуынша, өз анасынан некедегі күйеуі де шаршапты. Тіпті, ішкілікке берілген оны туысқандары да табалдырығына жолатпайды екен. Енді алматылық келіншек маскүнем әйелден құтылудың бір жолы – қарттар үйі деп отыр.
«Халайық, мына жағдаймен қалай күресуге болады, айтыңыздаршы? Күйеуімнің анасы спирттік ішімдікті көп қолданады. Күнде ішеді. Мас кезде жиіркенішті. Туысқандары оны үйіне жолатпайды. Ұлынан басқа ешкімі жоқ. Бірақ күйеуім де өз анасынан шаршады», - дейді есімін жазуды жөн санамаған желі қолданушысы.
Айтуынша, енесін Алматы қалалық наркологиялық медициналық-әлеуметтік сауықтыру орталығына жатқызбақшы болған. Бірақ олар тек сот шешімі бойынша қабыладайтындарын айтыпты. Сот арқылы жатқызатындай маскүнем әйел еш жерде тіркелмеген. Осылай жағдайымен бөліскен келіншек ішкіш енесінен құтылудың жолдарын Instagram қолданушыларынан сұрады.