$ 494.87  520.65  4.91

Томирис Байсафаның ата-анасы тергеу ісіне қатысты деректермен бөлісті

Мәскеуде терезеден құлап, қайтыс болған Томирис Байсафаның ата-анасы тергеу жұмыстарының барысын айтып берді деп «Қамшы» сілтейді.

Марқұмның ата-анасы – Дархан Қожабергенов пен Жанна Ахметова ресейлік мамандардан әділетті әрі объективті тергеуді талап етіп отыр. Ресейлік тергеу мамандарының болжамынша, қыз өз-өзін өлтірген. Алайда ата-анасы бұл дерекке сенуден бас тартты.

«Бұл істің жұмбағы көп. Тергеу органдары жасауы тиіс кей әрекеттер жасалмай жатыр. Мәселен, Муртузали Меджидованың айналасы ғана тергеліп жатыр. Аудитория ішінде қызым екеуі ғана болған. Жігіт бөлменің есігін үстелмен тіреп қояды. Неге бұлай істегені белгісіз. Ақыл есі дұрыс екі азамат аудиторияға кіреді. Қазір біреуі жоқ, ал екіншісі тіпті күдікті ретінде танылып отырған жоқ. Ол қазір тек куәгер екен», - деп ашынды Томиристің анасы Жанна Ахметова.

13 сәуірде болған оқиғаға сәйкес, куәгерлер қызды біреудің терезеден құлатып жібергеніне сенімді.

«Ол бостандықта жүр. Жарты күн ұстапты да, жібере салыпты. БАҚ өкілдері алғашында қызымды біреудің итеріп жібергенін жарыса жазған. Бізге мына тергеу жұмыстары бөгет келтіріп отыр. Оларға Меджидов "қыз өзі құлады" деп сендірген. Тергеу органдары соған сеніп отырған көрінеді. Ал қызымның достарынан ешкім ештеңе сұрамаған», - деді Жанна Ахметова.

Анасының айтуынша, Томирис Байсафа терезеден арқасымен құлаған. Яғни өзін-өзі өлтіруге бекінген адамның әрекетіне ұқсамайды. Саусағындағы тырнақтары сынған. Анасы мұны "Томиристің бірнәрседен ұстанып қалғысы келгенінен" деп болжайды. Ал Томирис тірі болғанда, ешқандай тергеу жұмыстары жүргізілмеген көрінеді.

Томирис Байсафаның әкесі жігіттің беделді отбасынан шыққанына сенімді. Бұл туралы әкесіне Мәскеу тергеу бөлімінің қызметкерлері айтып қалған.

Қызымен бір күнде бірнеше уақыт сөйлесіп тұратын анасы қайғылы оқиға болған күні сағат 12.42-де Томирисқа хабарлама жіберген. Ал деректерге сәйкес, 12.47-де қыз терезеден құлап кетіп, 20 күнге жуық реанимация бөлімінде жатады. Жанна Ахметова тіпті қызының жақын досы болған Меджидовпен де сөйлескен.

«Ол сол күнгі картинаның көз алдында екенін қайталап айта берді. Томирис оның көз алдында құлаған екен. Қызым жан дауысымен айқайлаған. Жоқ, біз жігітке кінә артпаймыз. Тек түпкілікті тергеуді талап етеміз», - деді Жанна Ахметова.

Естеріңізге сала кетейік, 21 жастағы Томирис Байсафа 2018 жылдың 13 сәуірінде Мәскеудегі оқу ордасының терезесінен құлап кетеді. Куәгерлер оны өзге біреудің итеріп жібергеніне сенімді. Әзірге бар күдік Томиристің жақын араласқан дағыстандық досына түсіп тұр. Куәгерлердің айтуынша, қайғылы оқиға алдында қыз бен жігіт сөзге келіп қалған.

Ал 3 мамырда қазақстандық студент ауруханада көз жұмды.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары