$ 494.87  520.65  4.91

Терезе жақтауында қыздың терісі қалған: Томиристің анасы қызының зорлықпен өлгенін айтып, сұмдық жайттардың бетін ашты

Қыздың өзі секіріп кетті. Мәскеулік тергеушілер төртінші қабаттан құлап кеткен қазақ қызы ақыры өз-өзіне қол салды деген тоқтамға келді. Істің бабын осымен үшінші мәрте өзгерткендер Дағыстандықтың сөзіне сүйеніпті. Ал оқиға күні марқұмның жанында болған жігіттің өзі қыздың өлімінен соң күдіктіден куәгер боп шыға келген. Істің бұлайша өрбігеніне қарсы шыққан анасы ел дипломаттарынан көмек сұрап отыр. Қызға қастандық жасалғанына сенімді әйел бұған дейін тергеушілер айтқызбай келген істегі небір сұмдық жайттарды біздің телеарнаға айтып берді деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Қызының әлі қырқы да өтпеген ананы, тергеушілердің қырық бір өтірігі ашынтып отыр. Айтуынша, күні кеше ғана «кісі өлімі» деп іс қозғағандар енді «өзі өлді» деп көзқарастарын өзгертіпті.      

«Тергеу қызды суицид жасады деп отыр. Меджидовтың берген жауабына сәйкес сондай шешімге келіпті. Меджидов деген істің басында күдікті еді, енді куәгер боп шыға келіпті. Мұндай тергеуге қалай сенуге болады, айтыңызшы? Сенбеймін, істі бұрмалап жатыр», – деді  марқұм Т.Байсафаның анасы Жанна Ахметова.

Жанна Ахметова басында тергеуге сеніп, іске араласпағанын айтады. Енді өліміне қыздың өзі кінәлі еместігін дәлелдеуге мәжбүр. Айтуынша, қыз терезеден құлап кеткенде ар жағында біреудің тұрғанын көшеден көргендер болған. Бірақ, Томирис көз жұмған соң ол кісілер зым-зымия жоғалып кетіпті.     

«Қызды лақтырып жібергенін көрдік деген куәгерлер болған. Ол куәгерлерді кейін таппай қалдық. Көше бойынан көрдік деп болған жайтты айтып берген еді. Енді тергеу оларды жоқ деп отыр»,  – деді марқұмның анасы.

Яғни, қазақ қызының Мәскеудегі өліміне қатысты атышулы іс барған сайын сұйылып барады. Ал бұған дейін күдікті деп саналған Муртузали Меджидов куәгер боп шыға келген. Дағыстанның бұрынғы Үкімет басшысының баласы тергеуге берген жауабын мың өзгертіпті. Ақыры оны сұрақтың астына алған тергеушіні ауыстырып тыныпты. Қаралы отбасына осы жайт күдік ұялатқан. Іске Мәскеудегі қазақ дипломаттары араласып, анасына адвокат тауып берсе де, тергеуге әсері болмай отыр.      

«Адвокатты ұйымдастыру шараларын тағы да жасадық.Адвокатты бердік, ұсындық. Әрине, елшілік басшылығы бұл істі жіті бақылап отыр және үнемі байланыста барлық құзырлы орындармен.  Іске араласуға ешқандай дәрменіміз, құқығымыз жоқ, бірақ дегенменде біз бақылауда ұстап отырмыз», –  Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің баспасөз хатшысы Жанар Колбачаева.

Қыздың өзі өлгеніне мәскеулік дәрігерлер де сенбейді екен. Анасының айтуынша, ота жасаған хирургтер қыздың білегінен біреудің күштеп ұстаған іздерін көрген. Оқиға орнын тексерген мамандар да терезенің жақтауынан қыз терісін тауыпты. Яғни, Томирис өлер алдында әбден жанталасқан болуы мүмкін. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары