Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Семей өңіріндегі өкіл имамы, Семей қаласындағы орталық мешіттің бас имамы Мақсат қажы Алтыбай шариғаттағы неке шарттары туралы айтып берді. Солардың ішінде азаматтық некеге тұратындарға ерекше тоқталды.
«Неке тазалығы дініміздің бас ұстанымы болып табылады. Шариғат шарты бойынша некесі қиылмаған екі жастың жеке қалуына тыйым салынған. Ата-бабаларымыз да бұл мәселеге ерекше мән берген. Жас аруды жаман аттан қызғыштай қорғап, некесі қиылғанша екі жастың ортасында қыздың жеңгесі жүрген екен.
Азаматтық некеге дініміз қарсы. Қолдамайды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының азаматтық некеге байланысты арнайы пәтуасы бар.
Азаматтық некеде неке қиылмай ер мен әйел төсек қатынасына барады. Яғни, бұл зина болып саналады. Ал зина шариғатта үлкен күнә болып есептеледі. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Зинаға мүлде жоламаңдар. Шын мәнінде, ол – анық арсыздық әрі ең жаман жол» («Исра» сүресі, 32-аяты) - деп зинаның харам екендігін қатаң ескерткен.
АХАЖ бөлімінен тіркеуден өтпеген және мешітте некесі қиылмаған адамдардың жұптасуы заң бойынша және шариғат шарты бойынша заңсыз болып табылады. Бұларда ешқандай отбасылық жауапкершілік болмайды. Ұнамаса бір-бірін тастап жүре береді. Ал азаматтық некенің салдарынан дүниеге келген бала ойнастан туған болып есептеледі және шариғи тұрғыдан мұрагерлік, қамқорлық құқықтарынан айырылады», – дейді бас имам Qamshy.kz порталына берген сұқбатында.