02.05.2018, 04:26

Атырау облысында дін мамандары халыққа жат ағымдардың зауалы жайында айтып берді

«Қазақстан – 2050» стратегиясында Мемлекет басшысы Н.Назарбаев: «Біз мұсылманбыз, оның ішінде Әбу Ханифа мазһабын ұстанатын сүнниттерміз.

Бабаларымыз ұстанған бұл жол ұлттық салт-дәстүрді, ата-ананы, Жастарды үлкендерді сыйлауға негіздеген. Біздің ата-бабаларымыз еш уақытта қызбаланың бетін бүркемеген. Ендеше, бүгінгі ұрпақ та әлемдегі ізгі дін – ислам дінін қадірлей отырып, ата дәстүрін ардақтағаны абзал», - деп тайға таңба басқандай айтқан болатын.

Осы орайда «Шапағат» деструктивті діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы» қоғамдық қорының маманы Ернар Абзалов Индер аудандық әкімшіліктегі жергілікті тұрғындармен кездесудегі кіріспесін Елбасының осы ұлағатты сөзімен бастады. Жиынға мектеп директорлары мен дінтану пәні мұғалімдері және басқа да тұрғындар қатысты.

Осы ретте айта кету керек, Атырау облысы да еліміздің өзге батыс өңірлері секілді дәстүрлі емес діни ағымдардың шоғырланған жерлерінің бірі болып есептеліп келген. Мұнда кезінде бір емес, бірнеше рет лаңкестік оқиға да орын алды. Осыған байланысты дін мамандары Атырауда халықпен жиі кездесіп, алдын алу шараларын жүргізіп отырады.

- Кейбір сыртқы күштер жастарымызды Ислам дінінің хақ жолынан адастырып, теріс бағытқа тартуға тырысқаны сондай татулығы мен бейбітшілігі жарасқан  елімізден  соғыс өрті шарпып тұрған Сирия, Ауғанстан секілді елге аттануына ықпал етуде. Соның бір мысалы атыраулық жерлесіміз Дамир Зналиев. Жасынан орыс тілді ортада өскен, анасы да әйгілі мұғалім болған. Дамирді  кейін әсіре діншіл болып, жат ағымға еріп кетеді деп ешкім ойламаған. Ол  халықаралық соғыс қимылдары болып жатқан елге аттанып, ақыры айналғанда туған жеріне, туған халқына қарсы топ құрып, Атырауда лаңкестік оқиғалардың орын алуына сеп болды. Қазір өзінің қателескенін мойындап отыр.

Елімізде сот шешімімен тыйым салынған діни 21 экстремистік, 2 мистикалық топ  бар. Осылармен қатар әлі тыйым салынбаған Уахабилер қозғалысы қауіп төндіруде.  Уахабилер қозғалысының  тарихы терең. Оларға қазіргі Қазақстан аумағында Уахабиден тарайтын Салафидің модхалид, сурурит, тәкфір, хададия сынды топтары енген. Модхалидтердің Тайыржан Ибрагимов, Октам Зауырбеков, Ділмұрат Махамадов, суруриттен Дарын Мұбаров, Дидар, Ахмат сынды қазақ тілді уағызшылар әлеуметтік желі арқылы өте белсенді үгіт жүргізуде. Орыс тілділері де баршылық. Олар ұлттық салт- дәстүрімізге негізделген Ханафи мазһабына қарсы. Тәуелсіз еліміздің Мемлекеттік Туын, Гимнін де  мойындағысы келмейді. Сондықтан да жастардың санасын жат ағыммен, өзге саясаттың ықпалымен улауға тырысып-баққан уағызшылардан сақ болу керек.

Жат ағымдардың намаз оқу тәртібінде де өзгешеліктер бар. Сондықтан да балалардың діни сауатына ешқашанда бей-жай қарауға болмайды.  Алайда   діннің атын жамылған  осындай жат ағымдармен күресеміз деп жүріп Ислам дінімізге күйе жақпауымыз керек, - деді дінтанушы Ернар Абзалов.

Мінберден сөз алған аталған орталықтың теологі Мұхиден Омаров бүгінде бірқатар ақсақалдардың бата беруді білмейтінін, перзенттеріне өнегелі сөзін айта алмайтынын, үлгілі іс отбасынан басталып, жас ұрпақтың рухани құндылығына сеп болмаса, ағымдардың бірден арбап алуына сеп болатындығын атап өтті.

Жиын барысында тұрғындар арасынан Қоныс Жаналисов, Айша Бакенова, Нұргүл Каримова, ақпараттық талдау орталығының аудандағы өкілі Қымбат Кәрім сауалдарын қойып, толымды жауаптарын алды, өзіндік ойларымен бөлісті.

Кездесуді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Артур Мурзин қорытындылап, жас ұрпақтың бойына діни радикализмге қарсы тұратын иммунитет қалыптастыру, діни сауаттылықты көтеру аса маңызды екендігіне тоқталды.

С.САНСЫЗБАЙҰЛЫ