$ 494.87  520.65  4.91

Алматыда бойжеткенді қағып өлтірген автобус жүргізушісі жазадан оңай құтылуы мүмкін

Алматыда бойжеткенді қағып өлтірген автобус жүргізушісіне қатысты сот басталды. Алғашқы отырыста айыпталушы Әнуар Жәнібек бар кінәсін мойындап, марқұмның туыстарынан жалына кешірім сұрады. Қайғыдан қан жұтқан отбасы жүргізушінің бала-шағасын аяп, кешірімдерін берді. Осы ұрымтал сәтті пайдаланған адвокат айыпталушыны шартты түрде жазалап, бостандыққа жіберуін сұрап отыр деп мәлімдеді КТК телеарасы.

Қызды қағып, мерт қылған автобус жүргізушісіне қатысты алғашқы сот отырысы бейнебақылау камерасына түсіп қалған жантүршігерлік оқиғаны көрумен басталды. Көп ұзамай судьяға қобалжып жауап берген автобус жүргізушісі Әнуар Жәнібеков бар кінәсін толық мойындап, залға жиналған марқұмның жақындарынан кешірім сұрады.

24 жастағы Айғаным Мәкен балаларды оңалту және дамыту орталығында педагог-психолог болып жұмыс істеген екен. Бойжеткен 18 сәуір күні таңертең алаңсыз жұмысына бет алған. Төле би мен Өтеген батыр көшелерінің қиылысында жолдан өтіп бара жатқан қызды №126 бағыттағы автобус тізгіндеген жүргізуші бағдаршамның қызыл түсіне қарамастан жүйіткіп келіп, қағады. Соққыдан жиырма метрге ұшып кеткен қыз жедел жәрдем жеткенімен оқиға орнында жап тапсырған.

Оның туыстары бір ай бұрын болған қайғылы оқиғадан әлі де естерін жиа алмағандай. Сот отырысы бойы көз жастарына ерік берді. Соған қарамастан жүргізушінің үш баласы барын ескеріп, оны кешірді. Қос тарап келісімге келген. Қыздың отбасына өтемақы төледі дегенді алға тартқан айыпталушының адвокаты сот жазасын жұмсартады деген үмітте.

Ал, құқық қорғаушылар судьядан автобус жүргізушісін 2 жарым жыл бас бостандығынан айруды ұсынды. Алайда, тараптармен танысып, арыз-шағымдарды тыңдаған судья үкімді ертең шығармақ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары