Бүгін Астана әкімі 130 отбасыға пәтер кілтін табыстады деп жазады елорда әкімдігінің ресми сайты.
Жаңа баспанаға ие болғандар – халықтың әлеуметтік аз қамтылған санатына жататын азаматтар мен бюджеттік ұйымдардың жұмысшылары. Жаңа тұрғын үй кешені «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы шеңберінде салынып, пайдалануға берілді. Бүгін барлығы 130 елордалық отбасы пәтер кілтіне ие болды.
Қоныс тойын тойлаған отбасыларды Астана әкімі Әсет Исекешев құттықтап, баспананың кілтін өзі табыстады.
«Құрметті, астаналықтар! Бүгін Елбасымыздың бастамасымен «Нұрлы жер» бағдарламасының арқасында 130 отбасына пәтер берілді. Қуаныштарыңыз баянды болсын. Шаңырақтарыңыз биік, жаңа қоныстарыңыз құтты болсын!», - деді Әсет Исекешев.
Айта кетейік, осы жылы жалпы ауданы 60,58 шаршы метрді құрайтын 1000 астам пәтері бар 6 тұрғын үй кешенін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Оның 386 пәтері «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы, ал жалпы ауданы 38 мың шаршы метрден тұратын 677 пәтерді тұрғын үй кезегіне тұрған азаматтарға жалға беру бағыты бойынша тапсырылады.
Бүгінгі күні демографиялық процесспен көші-қон ағымын есепке алғанда тұрғын үйге мұқтаж қазақстандықтардың қатары артуда.
Астана қаласында тұрғын үй кезегінде 48 722 адам тұр және жыл сайын оның қатары көбейіп келеді.