31.05.2018, 10:50

Қайрат Рысқұлбековтың «Халық Қаһарманы» атағының белгісі Алматы мұражайына берілді

Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына қатысушы Қайрат Рысқұлбековтың «Халық Қаһарманы» атағының белгісі Алматы мұражайына берілді. Белгіні оның бауыры Талғат Рысқұлбеков тапсырды.

Қайрат Рысқұлбеков ең жоғары ауыр үкім - өлім жазасына кесіліп, кейін бұл жиырма жыл бас бостандығынан айыруға ауыстырылған болатын. Ол Семейдегі түрмеде жазасын өтеуге кетіп бара жатқан жолда қаза тапқан. 1992 жылы қайтыс болған соң ақталған. 1996 жылы Қазақстан Президентінің Жарлығымен оған «Халық Қаһарманы» (Халық Батыры) атағы берілді.

Еске салсақ, бүгін  Алматыда 1931-1933 жылдарғы ашаршылық құрбандарының ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті, оған қоғам қайраткерлері, репрессия мен ашаршылық құрбандарының ұрпақтары, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері және қала жастары қатысты.

Қайрат Ноғайбайұлы Рысқұлбеков 1966 жылы 13 наурызда Мойынқұм ауданы Бірлік ауылында дүниеге келген.

1986 жылы 16-18 желтоқсанда болған қазақ жастарының отаршылдық және әміршілдік жүйеге қарсы көтерілісіне белсене қатысты. Бірақ көтеріліс қатыгездікпен жаншылғаннан кейін 1987 жылдың қаңтарында ішкі істер органының қызметкерлері «Алматыда бір төбелеске қатысты» деген желеумен Рысқұлбековті Мойынқұм ауданының орталығында тұратын нағашысы – М.Асанбаевтың үйінде демалып жатқан жерінен ұстап әкетеді. Кейіннен, көпшілікке мәлім болғанындай, тергеушілер зымиян әрекеттерімен Рысқұлбековке неше түрлі айла-шарғылар қолдана отырып, оны С.Савицкийдің өліміне кінәлі етеді.

Қазақ КСР-і Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі коллегиясының төрағасы Е.Грабарниктің 1987 жылы 16 маусымдағы Үкімімен Рысқұлбеков – ең жоғары жаза – өлім жазасы – атуға бұйырылды. Зиялы қауым өкілдері СОКП Бас хатшысы Горбачев пен КСРО Жоғарғы Кеңесі Президумының төрағасы Громыконың атына Рысқұлбековтің жазасын жеңілдету туралы өтініштерін жолдады. Кейіннен Рысқұлбековтың ату жазасы амалсыздан 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасымен ауыстырылды. Бірақ Шу, Қарағанды темір жол бекеттері арқылы Рысқұлбеков белгісіз себептермен Семей түрмесіне жеткізіліп, құпия жағдайда оның өміріне қастандық жасалды.