$ 444.22  476.38  4.82

Менингиттен көз жұмған 5 жасар баланың анасы жедел жәрдемнің машақаты туралы айтты

Осыдан екі күн бұрын Алматыда менингиттен 5 жасар бала көз жұмған болатын. Ұлынан айрылып қалған ана елімізде өрши бастаған менингококты инфекциямен күресу шарасы жүргізілмей жатқанын айтып, жедел жәрдем жұмыстарына қатысты мәселені де көтерді.

«Мен менингококты инфекциядан 2 маусымда сағат 2.00-де көз жұмған 5 жасар Димаштың анасымын. №12 Қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасының дәрігерлерімен бірге баламды құтқарып қалу үшін соңына дейін күрестік. Бірақ құтқарып қала алмадық. Осы ретте Алматы және Талғар қалаларының жедел жәрдем жұмыстарына қатысты мәселені айтқым келеді. Балам ауырып жатқанда Табаксовхоздағы үйімізге жедел жәрдем шақырдым. Тез келгенімен, қаланың ауруханасына жеткізуден бас тартты. Тек Талғарға ғана апаруы керек екен. Ол жақтағы ауруханаға хабарласып, жауап ала алмадым. Оларды күтіп тұрмай, баламды Алматыға апарып, сол жақтан жедел жәрдем шақырттым. Қайта жақсы дәрігер жолығып, бірден бізді ауруханаға алып кетті. Алайда, ол жерде де 30 минут көлікте күтіп қалдық. Өйткені бос орын жоқ еді. Кейіннен баламды қарап болып, реанимация бөліміне жіберді. Бірақ 10 минуттан кейін 5 жасар балам қайтыс болып кетті», – деп жазды Аида Ахметова Instagram-парақшасында.

Көп уақытты жолда өткізіп алдық деген ол сол күні болашақ келіндерінен де айрылып қалғанын айтады. Ол жерде де осы жағдай қайталаныпты. Айтуынша, ыстығы көтерілген қызды жедел жәрдем дәрігерлері Талғардан Қаскелеңге апарған. Бірақ өкінішке қарай ауруханаға жеткеннен кейін бойжеткен қайтыс болып кеткен.

Қайғыдан қан құса болған ана елімізде күннен күнге жайлап бара жатқан дертпен күресу шаралары неге өткізілмейтінін биліктегілерден сұрап отыр. Сондай-ақ, ауруға қарсы вакцина 22 мың теңге тұрады деген ол, қарапайым халықтың оған шамасы жетпейтінін айтты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары