Тәжікстан улемдер кеңесінің төрағасы Саидмукаррам Абдулкодирзода Душанбедегі жұма намазында бокс пен ережесіз жекпе-жекті харам деп атады деп жазады Азаттық.
«Исламда бокс пен ережесіз жекпе-жек харам. Өйткені олар адам денсаулығына зиян келтіріп, оны мүгедек етіп тынуы мүмкін.
Сондай-ақ ақша тігетін барлық ойын түрлері мен жекпе-жектер де харам. Уақытты бекер өткізіп, тән мен жан саулығына зиян келтіреді»,– деді муфти.
Абдулкодирзода жастар үшін пайдалы спорт деп «күресті» атады.
Ал тәжікстандық танымал бапкер Носир Азимов бокстың харам екенін алғаш естіп тұрғанын айтады. Оның білуінше, барлық мұсылман елдері спорттың бұл түрін мойындап қойған.