Оңтүстік Қазақстан облысында күйеуінен оңбай таяқ жеген келіншек мүгедек болып қалды. 27 жастағы Ұлбосын Әшірбекова басынан ауыр соққы алған соң, талма дертіне шалдыққан. Аяқ астынан есін жоғалтып алатын оған үнемі көмек қажет. Ал, жолдасы ажырасып кеткендіктен, тіпті, әйелінің жанына қалдырып кеткен екі баласына да қол ұшын созбайтын көрінеді. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
«Жақсы болған кезде жұмыс істеймін деп жұмыс істегім келеді. Жұмыс істей алмаймын, жұмыс істейтін жерге барсам, маған айқайлап кетеді» – дейді Ұлбосын Әшірбекова.
Тағдыр тауқыметін тартып жүрген Ұлбосын Әшірбекова осы күні тек жылаумен ғана өзін жұбата алады. Өйткені, ешқандай жұмысқа жарамсыз. Аяқ астынан талмасы ұстаған кезде есін жоғалтып, өз өзін ұстап, тұра алмай қалады. Ал бұл дертке шалдығуына сүйіп қосылған жолдасын кінәлайды. Отағасы басынан ауыр соққы беріп, қансыраған күйде үйде қалдырып кеткен. Өлім аузынан көршісі аман алып қалыпты. Екі күн жансақтау бөлімшесінде жатып, бір-ақ есін жиған.
«Таң атқан кезде мені «Даумедке» түсірді. Басымды аппаратқа түсірді. Бір тамыры жарылған деді. Негізінде алдын болғанын айтты. Бірақ соққы жеген соң тамыры жарылған деді» – дейді жалғызбасты ана Ұлбосын Әшірбекова.
Міне, содан бері Ұлбосын күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылғанын айтады. Оның үстіне, сол кезде екінші баласына жүкті болыпты. Ауруы асқынғаны соншалықты, дәрігерлер Астанаға апарып, хирургиялық тәсілмен босандырған. Ал, екі күн өткен соң, басына ота жасаған. Содан кейін жолдасы екі баласымен бірге төркініне әкеп тастап кетіпті.
«Келемін иә, келемін деді, мен жұмыс істемесем, болмайды деді. Біз оны сотқа да берген жоқпыз. Қой, келіп қалар дедік. Анам да солай айтты. Мен де үміттеніп жүргенмін» – дейді жалғызбасты ана Ұлбосын Әшірбекова.
Бүгінде жалғызбасты келіншек екі баласымен бірге әке шешесінің қолында тұруға мәжбүр. Өйткені, өзінің басыбайлы баспанасы жоқ. Аудандық тұрғын үй кезегінде 2015 жылдан бері кезекке қойылған. Ата анасының да үйі болмағандықтан, “Көктерек” ауылында жалдамалы баспанада өмір сүріп жатыр.
«Келін алғанмын, өзімнің екі немерем бар. Қайтыс болған қызымның баласы бар. Сонымен мұның миы ашып кетеді. Ана, миым ашып кетті дейді. Балам шыдасаңшы деймін. Солай жасаған ғой бұған» – дейді Ұлбосынның анасы Ұлбала Әшірбекова.
Ал күйеуінің ат құйрығын үзгеніне үш жыл болыпты. Екі баланың әкесі перзенттеріне де мойын бұрмайды екен. Ал, енесі екі жастың ортасына түспедім, араласпаймын деп отыр.
«Менің қолымда тұрмаған. Неше жыл болды ғой кеткеніне. Не істегінін білмеймін мен. Олар өздері бөлек тұрған. Білмеймін, ештеңені, мені мазаламаңдар» – деді Ұлбосын Әшірбекованың енесі Қалдықыз Ахметова.
Ұлбосын жылына екі рет ауруханада ем қабылдайды. Ендігі оның бар арманы – дертінен айығып, ел қатарына қосылу. Сөйтіп, тұрғын үйге қол жеткізсем дейді.
Дереккөз: Stan.kz