02.06.2018, 10:28

«Мерейлі отбасы»: Алмалы ауданының жеңімпаздары анықталды

Күлімбетовтер отбасы

Сәуір айының 1-30 аралығында Алматы қаласының аудандарында «Мерейлі Отбасы» ұлттық байқауының бірінші кезеңі өтті. Биыл бұл байқауға аудандар бойынша 131 отбасы қатысуға тілек білдірсе, оның 15 қалалық байқауға жолдама алды. Солардың қатарында Алмалы ауданының берекелі отбасылары да бар.

«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының аудандық кезеңіне аудан бойынша 10 отбасы қатысып, жергілікті халыққа өздернің отбасы құндылықтарын жария етті. Байқауға кез-келген отбасының қатыса бермейтіні анық. Ең алдымен шаңырақтағы ата-ананың қоғамға сіңірген еңбегі, ұл-қызына берген тәлім-тәрбиесі, ұл-қыздарының жеткен жетістіктері назарға алынады.

Осынау талаптарға сай келіп, Алмалы ауданы аясында өткен байқауға қатысқан әлеуттердің арасынан Аманкелді Күлімбетов пен Алтынғазы Тобатаевтардың отбасылары жеңімпаз деп танылды. Енді олар қалалық деңгейде өтетін байқауда бақ сынайтын болады.

Аудандық байқаудың жеңімпазы Аманкелді Күлімбетовтердің отбасына тоқталсақ... Аманкелді ағамыз - балалардың отолариноглог дәрігері, жұбайы  Бақыт Омарова - мұғалім. Екекуі бір сыныпта оқыған, махаббаттары мектеп партасынан басталған олардың отбасын құрғандарына қырық жыл. Төрт баланың ата-анасы атанған олар бүгінде жеті немере сүйіп отыр.