14.07.2015, 18:00

Бір күнде екі әкім өлтірілді

Ақмола облысына қарасты ауылдық округтің әкімі өлтірілді деп хабарлайды Tengrinews.kz облыстық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оқиға кеше кешкі сағат сегіздер шамасында орын алған.

«1978 жылы туған азамат өзара түсініспеушіліктің салдарынан Белағаш ауылдық округінің әкімін пышақтап тастады. 1982 жылы туған әйел алған дене жарақаттарының салдарынан көз жұмды. Олар екеуі 2011-2012 жылы бірге өмір сүрген. Мұнан кейін күдікті өзіне де қол салмақ болып, мойын тұсын пышақпен жаралады» делінген полиция таратқан хабарламада.

Әкім аудандық аурухананың жансақтау бөлімінде есін жимастан қайтыс болды. Ал, оны пышақтаған ер азамат дәл сол аурухананың хирургия бөлімшесінде дәрігерлер мен полицейлердің қатаң бақылауында ем алып жатыр. Қазіргі таңда қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Тәртіп сақшыларының мәліметінше, күдікті бұған дейін де «бопсалау» фактісі бойынша сотталған екен.

Айта кетейік, кеше Шығыс Қазақстан облысында Күршім ауданының әкімі Алтайбек Сейітовті де белгісіз біреулер өз үйінде өлтіріп кеткен болатын. Бұл оқиға бойынша әзірге оның көлік жүргізушісі күдікті ретінде қамауға алынды.