Күдіктінің ұрлық үстінде ұсталған сәті түсірілген видеоролик Facebook әлеуметтік желісіндегі «Жаға ұстатты» тобында жарияланған. Видео авторы оқиғаның 14 маусым күні таңда болғанын айтады.
Үй иесі ұрыны қолындағы ұрлық заттарымен қашып бара жатқан жерінен ұстап алыпты. Ұсталған күдіктінің өзі болса Қытайдан келген оралман екенін, құжаттарын рәсімдеуге ақша жетпей жатқанын айтып ақталады. Ол өзімен бірге тапанша алып жүрген. «Қытайдан құжатсыз өттім. Осында келіп қайта құжат жасатуым керек болды. Бірақ, бұған дейін ұрлыққа түспегем, осы бірінші рет болды», – дейді ұсталған жігіт. Алайда, ұрыны тінту кезінде оның қалтасынан Қазақстанның азаматтығын айғақтайтын жеке куәлігі мен өзге де құжаттары табылған. Оқиғаның қайда болғаны белгісіз. Желі қолданушыларының бірі мұны Астана іргесіндегі Қоянды ауылы деп болжап отыр.