Бүгін Шуда жолаушылар пойызы аударылып қалғаны туралы бұған дейін хабарлаған болатынбыз. Апат салдарынан 12 жастағы бала қайтыс болып, 11 жарақат алды. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.
Прокурорлардың мәліметінше, оқиға Жамбыл облысы Шу қаласынан 50 шақырым қашықтықта болған. Алматы-Астана бағытында қатынайтын 20 вагондық пойыздың сегіз вагоны жолдан шығып кетіп, екеуі аударылып қалыпты.
"Апаттың салдары анықталып жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, жолаушылар пойызының аударылуы салдарынан 2006 жылы туған жеткіншек бала қайтыс болды. Медициналық көмекке 11 адам жүгінген. Оларға көмек көрсетілді. Шудағы екі аурухана күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр", - деп хабарлады Бас прокуратураның өкілдері.
Қазіргі таңда оқиға орнында Бас көлік прокуратурасының прокурорлары, желілік ішкі істер бөлімінің мамандары, жергілікті атқарушы орган, жедел жәрдем мен құтқарушылар жұмыс істеуде.
Еске салайық, оқиға 17 маусым күні сағат 13:25-те болған еді. Астана-Алматы бағытындағы №9 "Бәйтерек" пойызы темір жолдан шығып кетіп, оның екі вагоны аударылып қалған.