Қарағандыда саябақтарды басқару бөлімі Голландиядан әкелінетін гүлдерге 120 миллион теңге бөлген. Мұны естіген қоғамдық кеңес мүшелері бюджет қаражатын желге ұшырып жатыр деп қала билігін айтыптады. Ал, жалпы Қарағандыны көгалдандыруға биыл жарты миллиард теңге жұмсалмақ. Осыншама қаржы жұмсау – ысырап деген кеңес мүшелері бұл тұрғыда үнемдеуге де болатынын айтады.
Қазірдің өзінде қала көшелерінде отырғызылған гүлдің 4 түрі пайда болды. Оның көбі шырайгүл. Мұның жерге отырғызылатын түрі қымбат емес және ерекше күтімді қажет етпейді. Ал оның тұғырдағы құмыраға отырғызылатын аспалы түрі Голландиядан алдырылған. Тиісінше бағасы қымбат, күтімді де талап етеді.
«Осы гүлді шетелден алдырмай-ақ, неге өзіміз өсірмеске? Ал саябақтар басқармасы жылыжайымыз бен басқа жағдайымыз жоқ деп басын алып қашады. Дегенмен шаруашылықты жүргізу құқығы бар саябақтарды басқару бөлімінің бұл жұмысты атқаруға мүмкіндігі бар. Тек өздері құнттамайды оны», – дейді Қарағанды қаласы қоғамдың кеңесінің төрағасы Қабдығали Оспанов.
Ал шенеуніктер белсенділердікі бос айғай дейді. Өйткені Қарағанды Астана мен Алматыдан кем емес. Оларда бар аспалы шырайгүл мұнда да болуы керек екен. Айтуларныша, бюджет қаржысы желге ұшқан жоқ, әр гүлдің есебі бар. Бірақ оның бір түбіне қанша қаражат жұмсалып жатқанын айтпады.
«Облыс орталығы болған соң біз де ешкімнен қалыспауымыз керек. Жұмсалған әр тиынға есеп бере аламыз. Ал шырайгүлдің өзін шетелден сатып алу мәселесі дау туғызғаны рас. Сондықтан оны енді өзімізде өсіреміз», – дейді Қарағанды қаласы саябақтарды басқару бөлімінің басшысы Рүстем Көдебаев.
Дереккөз: КТК