Өзінің атышулы уағыздарымен танымал болған имам Әбдіғаппар Сманов енді футбол жанкүйерлеріне шүйліге бастады. Оның пікірінше, адамдар футболды сүйгендей исламды да сүюлері қажет екен. Діндардың бұл уағызы әлеуметтік желілерде тарап кетті.
«Футбол көріп отырады. Ертең сол уақыты үшін жауап бересің. Футбол көріп, өліп кетсеңші! Қазір кез келген жерге кіргін, Бразилия мен Германия ойнап жатады. Ана бейшарадан өзі жеті атасын сұрасаң білмейді. Ал ана футбол командасындағылардың атын, затын біледі. Тіпті, киетін трусыйына дейін біліп алған. Кеше бір ауызашарда отырсам, біреу футболдағыларды айтып отыр. «сахабалардың атындай жаттап алыпсың ғой оларды» дедім», – дейді Әбдіғаппар Сманов. Желі қолданушылары болса молданың бұл уағызын жаппай теріс қабылдап жатыр. «Енді өмір сүруді күнә деп жүрмесін», «Күнә деп енді футбол көрмей кетейік пе?» деп өз пікірлерімен бөлісті. Еске салайық, бұған дейін де Әбдіғаппар Сманов өзінің түрлі уағыздарымен қоғамды біраз шулатқан болатын. Мәселен, оның айтуынша, несие алудың күнәсі - анаңмен төсектес болғанның күнәсінан да ауыр көрінеді. Ал, бұл ретте қазақтардың басым бөлігінде несие бар екенін айта кету керек. Сондай-ақ, ол жігіттерді пәктігінен айрылған қыздарға үйленбеуге үгіттеп жүр.